Салық органдары жаңа тәсілді қарастырып жатыр.
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев
ERNUR.KZ. Қазақстанда мобильді аударымдарға қатысты шекті сома қайта қаралуы мүмкін, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Алдын ала болжам бойынша, қазіргі 1 020 000 теңге көлеміндегі лимит 1 800 000 теңгеге дейін ұлғаюы ықтимал.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, қолданыстағы ережеге сай, егер жеке тұлғаның шотына үш ай қатарынан тұрақты түрде аударымдар түсіп, жалпы көлемі 1 020 000 теңгеден асса, банктер бұл туралы салық органдарына ақпарат береді.
Алайда бұл шек елдегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты қайта қаралуы мүмкін. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәліметінше, ең төменгі жалақыны 150 000 теңгеге дейін көтеру мәселесі талқыланып жатыр. Осы өзгеріс негізінде мобильді аударымдарға қатысты бақылау шегін де ұлғайту қажеттігі туындайды.
Осылайша, жаңа меженің 1 800 000 теңге деңгейінде белгіленуі ықтимал. Бұл өзгеріс азаматтардың қаржылық операцияларын бақылау тәсілін жеңілдетіп, табыс көлеміне сай реттеуді көздейді.


