Мектептерде педагогтерді жұмысқа қабылдау тәртібін бұзу фактілері жиі кездеседі.
ERNUR.KZ. Мұғалімдерді жұмысқа конкурс өткізбей қабылдаған облыстар белгілі болды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің аппарат отырысында белгілі болды, деп жазады baq.kz.
Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері білім беру ұйымдарында тұрақты түрде мониторинг жүргізіп жатқанын айтты. Ол педагогтерді жұмысқа қабылдау кезінде жіберілген құқықбұзушылыққа тоқталды.
Мектептерде педагогтерді жұмысқа қабылдау тәртібін бұзу фактілері жиі кездеседі. Биыл мониторинг жүргізілген мектептерде жаңа оқу жылына 3 855 жұмысқа қабылданған. Оның ішінде 1 423 бос орын бойынша конкурс өткізілмеген. Конкурссыз Түркістан облысында 322 мұғалім, Алматы облысында 252 мұғалім, Жамбыл облысында 169 мұғалім, Шымкент қаласында 134 мұғалім қабылданған, - деп айтты Ернұр Дәуенов аппарат жиналысында.
Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы құқық бұзылған облыстар қатарында Қарағанды, Қостанай, Жетісу, Батыс Қазақстан және Ақтөбе де бар екенін атап өтті.
Педагогтерді конкурс өткізбей жұмысқа қабылдаған, құжаттарды толық тапсырмаған және хаттамалары дұрыс толтырылмаған. Осындай құқық бұзу фактілері бойынша 558 мектеп директорына тәртіптік шара қабылданды. Сондай-ақ 17 директор жұмыстан босатылды, - деп түсіндірді ол.
Айтуынша, шара қабылдамаған өңірлер де бар. Оның ішінде Ақтөбе, Ұлытау, Жамбыл облыстары және Шымкент қаласы бар.