Мұғалімді балағаттау, жолақы төлемеу: 2024 жылы заң бұзғандар қанша теңге айыппұл төлейді?

0
943

Елімізде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 АЕК 3 692 теңгеге өседі.


Мұғалімді балағаттау, жолақы төлемеу: 2024 жылы заң бұзғандар қанша теңге айыппұл төлейді?

ERNUR.KZ. Елімізде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 АЕК 3 692 теңгеге өседі. Яғни бұл АЕК-пен есептелетін кез келген төлем, оның ішінде айыппұл, әлеуметтік төлемдер және т.б. көлемі де артады дегенді білдіреді, деп жазады baq.kz.

2023 жылы, яғни биыл 1 АЕК 3 450 теңгеге тең болатын. Енді 2024 жылдан бастап ол 242 теңгеге өспек.

2024 жылы 1 қаңтардан бастап құқық бұзып, айыппұл арқалағандар қанша теңге төлейтінін есептеп көрейік.

Рәміздерді қорлау

Қылмыстық кодекстің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабына өзгерістер енгізілді. Өзгерістер нәтижесінде рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл көлемі 3 000 АЕК-ке өсті.

2024 жылдан бастап 1 АЕК 3 692 теңге, демек 3 000 АЕК 11 076 000 теңге болады.

Кіреберісте қоқыс «пакетін» қалдыру

Пәтерге кіреберістегі есігінің қасына қоқыс салынған дорбаны қалдырғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес «Абаттандыру қағидаларын бұзғаны» үшін 20 АЕК айыппұл салынады. Ал бұл әрекетті азамат бір жыл ішінде қайталап жасаса, онда 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

20 АЕК 73 840 теңгеге тең болса, 30 АЕК 110 760 теңге.

Шулап, тыныштықты бұзу

Елімізде заң бойынша кешкі сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін шулауға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 5 АЕК (18 460 теңге), бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК (36 920 теңге) айыппұл салынады.

Сонымен қатар кәсіпкерлерге 20 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейін (73 840 – 553 800 теңге) айыппұл салынады.

Түкіру

Қоғамдық орында түкіргені үшін, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін құқық бұзған адамға бірінші рет 5 АЕК, яғни 18 460 теңге айыппұл салынады. Ал азамат осы әрекетін қайталаса, онда 10 АЕК, яғни 36 920 теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Көлік жүргізгенде телефон пайдаланып, белбеу тақпау

Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны, қауіпсіздік белбеуін тақпаны және көлік жүргізіп бара жатқанда телефон пайдаланғаны үшін жүргізушілерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл 2023 жылы 18 460 теңге.

Құжатсыз көлік жүргізу

Жүргізу құқығы жоқ жүргізушінің көлікті басқаруы 20 АЕК, яғни 73 840 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Көлік құралын басқару құқығынан айырылғандар көлік жүргізсе, оларға 50 АЕК, яғни 184 600 теңге айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамауға алынады.

Автобуста жолақы төлемеу

Қала және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлмегендерге 2 АЕК, яғни 7 384 теңге айыппұл салынады.

Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК (18 460 теңге) айыппұл салынады.

Кәмелетке толмағандардың түнде жүруі

Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22.00-ден 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса, олардың ата-анасына 3 АЕК (11 076 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған бала 23.00-ден 6.00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе, онда заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер осы әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, онда баланың заңды өкілдеріне 25 844 теңге (7 АЕК) айыппұл салынады.

Ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК дейінгі мөлшерде (36 920 және 369 200 теңге) айыппұл салу көзделген.

Жолды кесіп өту

Жаяу жүргіншілер жол қозғалысы ережелерін сақтамағаны үшін (қате жерден өту және т.б.) 2 АЕК (7 384 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін айыппұл 10 АЕК-ке (36 920 теңге) дейін өседі.

Жылдамдықты асыру

Көлік жылдамдығын асырғаны үшін:

- сағатына 10-20 шақырымға асырғаны үшін айыппұл 5 АЕК (18 460 теңге).

- сағатына 20-40 шақырымға асырғаны үшін 10 АЕК (36 920 теңге).

- сағатына 40 шақырымнан асырғаны үшін айыппұл қазірдің өзінде 20 АЕК (73 840 теңге).

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде жылдамдықты қайталағаны үшін 30 АЕК (110 760 теңге) айыппұл қарастырылған.

Қоғамдық орында балағат сөз айту

2023 жылғы наурыз айынан бастап заңға қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға 20 АЕК, яғни 73 840 теңге айыппұл салынады немесе 30 тәулікке қамауға алынатыны туралы өзгерістер енгізіледі.

ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша отбасында және тұрмыста балағат сөз айтқаны үшін ескерту немесе 5 АЕК (18 460 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал мұғалімді немесе дәрігерді балағаттаса, онда 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.