Мәжіліс 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулерге қатысты заң жобасын мақұлдады

0
1 269

Бюджеттің шығыс бөлігіне қатысты ақпараттарға келгенде Мәжілістің қаржы және бюджет, әлеуметтік-мәдени даму комитеттері талдамалық, социологиялық зерттеулер жүргізуге және консалтингтік көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған бюджет шығыстарының ұлғайтылғанына айрықша назар аударды.


Мәжіліс 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулерге қатысты заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасына өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады,-деп хабарлайды Мәжілістің баспсөз қызметі

Бұл өзгерістер Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауларын, сондай-ақ, Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға бағытталып отыр.

Бюджеттің шығыс бөлігіне қатысты ақпараттарға келгенде Мәжілістің қаржы және бюджет, әлеуметтік-мәдени даму комитеттері талдамалық, социологиялық зерттеулер жүргізуге және консалтингтік көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған бюджет шығыстарының ұлғайтылғанына айрықша назар аударды.

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин: - біз шынында да әлеуметтік зерттеу жұмыстарына және консалтинг қызметтерге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Мысалы: 2018 жылға арналған бюджетте әлеуметтік зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 17 мемлекеттік орган 7,2 млрд теңге салған. Бүгінгі айқындалған бюджетте әлеуметтік зерттеулер үшін тағы да 3,3 млрд теңге қарастырылып отыр», - деді.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы: "дәл осы бюджетте мүгедек жандарға қарайтын адамдарға бөлінетін жәрдемақы үшін республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге қарастырылып отырғанын, ал, елімізде орын алған су тасқындарына байланысты ІІМ 1,6 млрд теңге бөлгелі отырғанын алға тарта келіп, -сонда біздің әлеуметтік зерттеу саласында су тасқындарынан да қиын төтенше жағдай туындап отыр ма?",-деді.

Одан әрі Палата Спикері бұл жағдайдың жыл сайын қайталанып отырғанын айтты. Мәселен, өткен жылы алдымен 770 млн.теңге бөлінген, ал нақтылау кезінде тағы да 540 млн теңге қосылған. Ал биыл, бөлінген 460 млн теңгеге қоса, тағы 800 млн теңге қарастыру көзделіп отыр.

-Соған қарағанда бұл жыл сайын осы мақсатқа (әлеуметтік зерттеу) артық қаржы жұмсау керек деген жоспар бар сияқты,-дей келіп, құзырлы орган өкілдеріне бұл мәселені өте тиянақты әрі мұқият қарау керектігін тапсырды.

Бүгінгі түзетулерге қатысты қосымша қаражаттар тағы да, мынадай бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне бөлінбек:

Мәселен, Инвестициялар және даму министрлігіне – автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға 100,6 млрд. теңге,

Білім және ғылым министрлігіне – жаңартылған білім беру мазмұны бойынша бастауыш, негізгі және жалпы орта білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын мектептердің мұғалімдеріне, сондай-ақ ұлттық біліктілік тестілеуден өткен және бастауыш, негізгі және жалпы орта білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын мұғалімдердің педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін қосымша ақыларды төлеуге 112,4 млрд. теңге,

Ауыл шаруашылығы министрлігіне - ауыл шаруашылығы жануарларын, техника мен технологиялық жабдықты сатып алуға несие беру, сондай-ақ лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға, АӨК-ті және аграрлық ғылымды дамытуға, су ресурстарын тиімді басқаруға, жергілікті атқарушы органдарға бюджеттік кредиттер беру арқылы мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларын пайдалану тиімділігін арттыру жолымен АӨК өнімдерін өндірудің тиімділігін арттыруға – 39,5 млрд. теңге,

Ішкі істер министрлігіне – «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның нормаларын іске асыру мақсатында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетігін енгізуге байланысты тұрғын үй төлемдеріне 10,0 млрд. теңге,

Қорғаныс министрлігіне – 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетігін енгізуге байланысты тұрғын үй төлемдеріне 10,1 млрд. теңге, Ұлттық экономика министрлігіне – жаңа микрокәсіпорындар құру және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейту үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне микрокредиттер беруге 12,4 млрд. теңге бөлінетін болады.