Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі 12 жылдық оқу жүйесі қайта қаралады

0
282

НЗМ түлектерінің 88 пайызы мектепті 18 жасында аяқтайды.


Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі 12 жылдық оқу жүйесі қайта қаралады

Фото: НЗМ

ERNUR.KZ. Қазақстанда Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі 12 жылдық білім беру жүйесі қайта қаралуы мүмкін. Оқу-ағарту министрлігі НЗМ бағдарламаларын саралау үшін арнайы комиссия құрған, деп жазады stan.kz.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, мәселе НЗМ-ді қаржыландыруды қысқарту туралы емес. Ведомство еңбек нарығындағы өзгерістерді ескере отырып, білім беру бағдарламаларын қайта қарамақ.

"Қаржыландыру қысқара ма деген мәселе тұрған жоқ. Мәселе – балалардың мектепті 18 жаста аяқтауында. Қазір Оқу-ағарту министрлігінде барлық бағдарламаны қарайтын комиссия құрылды", – деді министр.

Оның мәліметінше, НЗМ түлектерінің 88 пайызы мектепті 18 жасында аяқтайды. Былтыр 300 түлек зияткерлік мектепті 19 жасында бітірген. Министр 12-сыныптағы бағдарламалардың негізінен оқушыларды жоғары оқу орындарына түсуге және халықаралық емтихандарға дайындауға бағытталғанын айтты.

НЗМ-ге түсе алмаған балаларға қатысты мәселе көтерілді

Министр НЗМ-ге түсуге жыл сайын жоғары конкурс болатынына тоқталды. Оның сөзінше, бір орынға орта есеппен 13 бала таласады. Кейбір талапкерге оқуға түсу үшін бірнеше балл ғана жетпей қалады.

"Кей балаларға 1 немесе 5 балл жетпей қалады. Олардың әрі қарайғы тағдырына кім қызығушылық танытады? Меніңше, Назарбаев зияткерлік мектептері осындай балаларды әрі қарай сүйемелдейтін платформа ашуы керек еді. Біз мұндай жұмысты көріп отырған жоқпыз", – деді ол.

Министр НЗМ-де жинақталған тәжірибені басқа мектептерге де енгізу қажет деп санайды. Оның айтуынша, зияткерлік мектептердегі бағдарламалар мемлекет қаржысы есебінен әзірленген.

"Қазір Назарбаев зияткерлік мектептерінің жинаған озық тәжірибесін басқа жалпы білім беретін мектептерге тарататын уақыт келді", – деді министр.

Осы бағытта "Келешек мектептерінде" НЗМ, РФММ және БИЛ бағдарламаларының элементтерін енгізу жұмысы басталған. Министрлік сапалы білім баланың ауылда немесе қалада тұратынына, отбасының жағдайына қарамастан қолжетімді болуы керек деп есептейді.

НЗМ-ге қабылдау қысқармайды

Министр келесі жылы НЗМ-ге қабылданатын оқушылар саны қысқармайтынын да мәлімдеді. Оның айтуынша, зияткерлік мектептердің үш жылдық бюджеті бекітілген және қаржыландыру 2028 жылға дейін қарастырылған.

"Қабылдауды қысқарту мәселесі тұрған жоқ. НЗМ бюджеті 2028 жылға дейін бекітілген. Сондықтан гранттар немесе оқушы орындары қысқармайды. Қанша түлек шықса, олардың орнына сонша бала қабылданады", – деді министр.