Назарбаевтың суреті басылған 10 мың теңгелік ақша қайда кетті?

0
2 705

2016 жылы шыққан соңғы портреттік серия Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған болатын.


Назарбаевтың суреті басылған 10 мың теңгелік ақша қайда кетті?

ERNUR.KZ. Осыдан тура үш жыл бұрын астанада Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі басылған мерейтойлық 10 мың теңгелік банкнота таныстырылған болатын. Бұл төл валютамызға басылған портреттік серияның соңғы үлгісі, деп жазады sputniknews.kz.

Президенттік купюра

2016 жылы шыққан соңғы портреттік серия Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған болатын. Содан болар, оған тек Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті ғана басылды. Тұңғыш президенттің үлкен бір портреті ақшаның негізгі суреті болса, екіншісі қорғаныш элементі ретінде шеткі ақ жолаққа енгізілді.

Сол кезде ұлттық банк жаңа қағаз ақшаны қолдан жасау мүмкін емес екенін де мәлімдеген. Себебі мамандар "президенттік купюраны" шығарғанда қорғаныштың үздік 10 элементін пайдаланды. 18 миллиметрлік биметалды жіп және тағысын тағы. Ал Назарбаевтың портреті интаглио, яғни, сурет салудың рельефтік әдісімен басылды.
Жаңа ақша 100 мың данамен шықса да, бас кезінде айналымда болды. Бірақ артынан көрінбей кетті. Келесі жылы оны танымал хабарландыру сайттарында сата бастады. Сол кезде 10 000 теңгенің соңғы үлгісі үшін 15 000 теңге, тіпті 55 000 теңге сұрағандар да болған. Ал Алматының бір тұрғыны 8 купюраны 160 000 теңгеге сатты.
Мерейтойлық ақшаны қаншаға сатуға болады?
Астаналық Аида Қалқаманқызы да "Назарбаевтың купюрасын" сақтап қойған. Бірақ әзірше сатуды жоспарлап отырған жоқ.
"Мен өзім кассир болып жұмыс істеймін. Екі жарым жыл бұрын бір клиент Назарбаевтың суреті бар 10 000 теңгелікті алып келген. Сол кезде алып қалдым. Қазір үйде жатыр. Негізі, оны бір нәрсені сатып алу үшін пайдалануға болады. Бірақ ол купюра соңғы кезде көрінбей кетті. Бәрі сақтап жүрген шығар. Мен де сақтаймын, артынан сатып жіберетін шығармын", - дейді Қалқаманқызы.
Интернетте "президенттік купюраны" сату туралы жарнамалар әлі де көп. Бірақ үш жылдың ішінде оның бағасы 70 000 теңгеге дейін өскен. Ал 1993 жылғы Әл-Фараби, Сүйінбай, Абай мен Шоқандардың сериясын 2000-5000 теңгеге сатып алуға болады. Нумизмат Нұрсейіт Құрмановтың айтуынша, қағаз ақшаның құны көп өспейді. Номиналдан сәл жоғары болады.
"Менде ол купюраның бір данасы бар. Номиналдың бағасы өз құнымен есептеледі ғой. Уақыт өте келе, коллекциялық бағасы өседі. Қазір аукциондарда оның бағасы аса кымбат емес, 12 000-14 000 теңгенің айналасында. Ал шетелдік аукциондарда 20 000-30 000 теңгеге баратын шығар. Енді, бүгінде ол ақша ресми төлем белгісі болып саналса да, 100 000 дананың бәрін коллекция жинаушылар мен қарапайым адамдар сақтап отыр ғой", - деді Құрманов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Портреттік серияны жалғастыруға бола ма?
Ұлттық валютамыздың алғашқы портреттік сериясын жасаған дизайнерлердің бірі – Меңдібай Алин ақшаға адамның бейнесін басу оңай шаруа емес деп отыр. Осы орайда ол алғашқы тәжірибесін еске алды.
"Ол кезде оңай болған жоқ. Үкіметтің құрамы да басқаша болды ғой. Содан валютаға Семенов-Тянь-Шанский, Потанин сынды тұлғаларды да бассын деген талаптар қойылды. Бірақ біз Сүйінбай, Құрманғазы, Әбілқайыр, Абылай хан, Абай мен Шоқан Уәлихановтардың сериясын қорғап шықтық. Енді, ол жұмыстың драмасы көп болды. Негізі, Атилладан бастап Күләш Байсейітоваға дейінгі серия жасалған", - дейді Алин.
Оның сөзіне қарағанда, портреттік серияны жалғастыру үшін техникалық жұмыстардан бұрын саяси шешім керек. Одан кейін барлық ұсынысты қоғам талқысына салу қажет.
"Негізі, қазір технология жағынан қиындық жоқ қой. Сондықтан портреттік серияны жалғастырамыз десе, алдымен саяси шешім керек. Жаңа серияны бастай ма, бұрынғысын қалпына келтіре ме, бәрібір үлгілерді жаңадан жасау қажет. Сосын оның бәрін қоғам талқысынан өткізу керек. Ол да оңай шаруа емес", - дейді дизайнер.