26,5 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.
ERNUR.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Хабар 24" телеарнасындағы онлайн-брифингте Нұр-Сұлтан мен Алматыда жаңа шектеу ережелерін бұзғандар қалай жазаланатынын айтты, деп жазады тengrinews.kz.
"Қоғамдық көлік жұмысы бойынша қазір әкімдіктер пысықтап жатыр. Жағдайға қарай, қоғамдық көлікке қосымша жүктеме түсіп, қозғалыс шектелуі мүмкін. ", - деді Абаев тікелей эфирде.
Қала тұрғындарына үй жануарларымен аулада серуендей алады.
"Азаматтар басқа себептермен шыққан болса, онда алдымен, ескерту, одан кейін 26,5 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынуы немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Полиция қызметкерлері хаттама толтырып, істі сот қарайды", - деді министр.
Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін қылмыстық жауап көзделгені айтылды.
Министр бүгін түнгі 00-ден бастап көшеде жүруге тыйым салынғанын атап өтті. Ал жұмысқа шыққаныңды растау үшін тікелей басшының не кадр бөлімі қызметкерлерінің телефон нөмірі болғаны жөн.
Мемлекеттік комиссия биылғы 28 наурыз күнгі сағат 00.00-ден бастап келесі шараларды қабылдау арқылы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін күшейту туралы шешімді бекітті:
- Азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуын шектеу;
- Халық көп жиналатын орындарды жабу (саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары және т. б.);
- Қоғамдық көлік жұмысын кезең-кезеңмен шектеу;
- Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салу (отбасы мүшелерінен басқа);
- Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салу.