Инфрақұрылым – барлық өңірдің тіршілігін қамтамасыз ететін жүйе.
фото ЖИ арқылы әзірленді
Қазақстандағы аймақтардың тұрақты дамуы әуелі инженерлік инфрақұрылымның сапасына байланысты. Себебі таза ауызсу, тұрақты электр қуаты мен үздіксіз берілетін жылу – тұрғындардың өмір сапасын көрсететін негізгі факторлар болып саналады. Сондықтан ел аумағындағы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі әрдайым күн тәртібінен түспейді. Сәйкесінше, бұл бағыттағы мәселелерді шешу мақсатында 2025–2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба шеңберінде тозығы жеткен инженерлік желілерді жаңғырту, коммуналдық қызметтердің сапасын көтеру және энергетикалық инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз ету көзделген. Нақтырақ айтқанда, инфрақұрылымның тозу көрсеткішін 40 пайызға, саладағы апаттар санын 20 пайызға азайту жоспарланған. Тиісінше, бұл жобаның маңыздылығын өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстардан аңғаруға болады.
Мәселен, ауызсу, электр және жылу тапшылығын сезініп келе жатқан Маңғыстау облысын алып қарайық. Біршама уақыттан бері аймақта бірнеше ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі ретінде «Каспий» су тұщыту зауытының қуаты тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізілгенін және тәулігіне 24 мың текше метр су өндіретін жаңа станция салынып жатқанын атап өтуге болады. Мұндағы мақсат Ақтау қаласының тұрғындарын сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету болып саналады. Одан бөлек, су құбырлары мен құрылғыларды жаңғырту мәселесі де күн тәртібіне қойылған. Сонымен қатар, қаладағы жылу және кәріз желілерінің де жартысынан астамы тозған. Осы ретте қаладағы 40 шақырымнан астам желіні жаңартуға 21,8 млрд теңге қарастырылған және жұмыстарды 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, жылу тапшылығын азайту үшін алты шағынауданға арналған, құны 48 млрд теңгені құрайтын жаңа қазандық жобасы қарастырылған. Электр қуатымен қамтамасыз ету саласында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Айта кетсек, 2012–2026 жылдары Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы желілерді жаңартуға 63,5 млрд теңге бағыттаған. Осы кезеңде 60 қосалқы станса жаңғыртылып, 5 жаңа станса салынған. Бұл көрсеткіштер өңірдегі инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарының нәтижесінен хабар береді.
Сондай-ақ, елімізде көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғырту саласында да ауқымды жобалар қолға алынған. Биылғы жылдың өзінде 11 мың шақырым автомобиль жолын салу, жөндеу және реконструкциялау жұмыстары атқарылып жатыр. Теміржол саласында 124 вокзалды жаңғырту бағдарламасы іске асырылып, жаңа бағыттардың құрылысы іске асырылуда. Бұл жұмыстар жүк тасымалының жылдамдығын арттырып, өңірлер арасындағы экономикалық байланысты жақсартуға септігін тигізеді. Одан бөлек, «Бақты–Аягөз» теміржол желісінің құрылысы мен жаңа логистикалық дәліздерді дамыту жұмыстары Қазақстанның Қытай, Еуропа және Орталық Азия елдерімен байланысын нығайтуға мүмкіндік сыйлайды.
Қазақстанда іске асырылып жатқан мұндай жобалар бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы азаматтардың табысын арттыруға ықпал етеді. Қазақстанның тұрақты дамуына негіз болады. Өйткені, инфрақұрылым – барлық өңірдің тіршілігін қамтамасыз ететін жүйе.
Б.Мейірханұлы,


