40-50 жас шамасындағы ер адам тұрғын үй кіреберісінде кешкі серуеннен қайтқан мүгедек қызды зорлаған.
ERNUR.KZ. Елорданың сол жағалауындағы "Мисон" тұрғын үй кешенінде ер адам мүгедек қызды зорлады, деп жазады sputnik.kz.
Желіде оқиға куәгерлері түсірген видео тарады. Олардың айтуынша, 40-50 жас шамасындағы ер адам тұрғын үй кіреберісінде мүгедек қызды зорлаған.
Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті бұған қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, 8 тамыз сағат 20.42-де "102" нөміріне тұрғын үй кіреберісінде қыз зорланғаны туралы ақпарат түсті.
"29 жастағы тұрғын үй ауласында серуендегеннен кейін кіреберіске кірген. Сол кезде екінші қабатта оны белгісіз ер адам зорлаған", - деп мәлімдеді баспасөз қызметіндегілер.
Полиция қылмыс жасады деген күдікпен 47 жастағы ер адамды "ізін суытпай" ұстады. Бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды.