​«Нұрлы жер» аясында 1500 қарағандылық баспаналы болмақ

0
1 486

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» қарағандылық 1 500 салымшысы «Аймақтарды дамыту бағдарламасы – 2020» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары арқылы баспаналы болуға мүмкіндіктері бар.


​«Нұрлы жер» аясында 1500 қарағандылық баспаналы болмақ

ERNUR.KZ. 2018-2019 жылдары Қарағандыда бірнеше тұрғын үй салынып, пайдаланылуға беріледі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» қарағандылық 1 500 салымшысы «Аймақтарды дамыту бағдарламасы – 2020» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары арқылы баспаналы болуға мүмкіндіктері бар, деп жазады Baq.kz.

Еліміздегі әлеуметтік тұрғыдан ең өзекті проблемалардың бірі – азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі аймақта тиімді жолмен шешіліп жатыр. Оған мысал, қаланың әр ауданында қарқынды салынып жатқан тұрғын үйлер. Қарағандының Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында салынып жатқан көпқабатты үйлерде жалпы саны 1536 пәтер пайдаланылуға берілмек. Бұның ішінде 1389 пәтер «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы арқылы шаршы метріне 140 мың теңгеден сатылса. Қалған 147 пәтер «Аймақтарды дамыту-2020» бағдарламасы негізінде шаршы метріне 100 мың теңгеден сатылады.

«Нұрлы жер» бағдарламасына қатысуға ниетті тұрғындар 2018 жылдың 26 қарашасынан бастап банктің ғаламтордағы hcsbk.kz парақшасынан жеке кабинеті арқылы немесе baspana.kz порталы бойынша өтініш жібере алады. Банк қазір 74 пәтерді сатылымға шығарып отыр. Бұл - «Аймақтарды дамыту-2020» бағдарламасы бойынша сатылатын пәтерлер. Таза әрлеудегі пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны 100 мың теңгені құрайды. Үй «Панел Орталық» ықшам ауданында орналасқан. Жыл соңына дейін осы ықшам ауданда қосымша 45 пәтерді сатылымға шығарамыз. Олардың 1 шаршы метрінің құны 140 мың теңгеден», - дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ҚОФ директорының орынбасары Қуат Төлеуханов.

Баспана бағдарламасына қатысу үшін Қарағанды облысының кез келген тұрғыны «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы болып, пәтер құнының 20 пайызын төлесе болғаны. Несиенің жылдық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды. Мысалы, бағасы 5,6 млн теңге болатын бір бөлмелі пәтерді сатып алу үшін банктегі депозитке 1,1 млн теңге жинау жеткілікті.

Мемлекеттік бағдарлама үйлері жеңілдетілген шарттармен берілетіндіктен, үміткерлерге қойылатын белгілі бір талаптар бар. Қолжетімді баспанаға ие болғысы келетіндер Қазақстан Республикасының азаматы немесе оралман мәртебесіне ие болуы керек. Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде ҚР аумағында жеке меншік үйі болмағаны абзал. Сондай-ақ, үміткер төлем қабілеттілігін растай алуы шарт.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары мемлекеттік бағдарламалардан бөлек «Өз үйім» атты банктің жеке бағдарламасы бойынша баспана сатып ала алады. Олар үшін Көгілдір Тоғандар ықшам ауданында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйден үш бөлмелі 5 пәтер және екі бөлмелі 5 пәтер ұсынылып отыр. Мұндағы бастапқы әрлеудегі пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы – 160 мың теңге. Бұл үйде көңіліңізден шыққан пәтерді сатып алу үшін шотыңызда пәтер құнының 20 пайызы болса жеткілікті. Несиенің жылдық мөлшерлемесі 7 пайыздан көп емес. Сонымен қатар, меншігіңізде басқа үйдің болуы рұқсат етіледі», - дейді Қ.Төлеуханов.