Биыл облыста жол инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту бағытында ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда.
ERNUR.KZ. Облыс бойынша автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 10 084 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1 204 шақырымы – республикалық, 1 697 шақырымы – облыстық, 1 451 шақырымы – аудандық маңыздағы жолдар. Ал елді мекендер көшелерінің ұзындығы – 5 732 шақырым.
Жол жөндеу және құрылыс жұмыстарына бюджеттен 28 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражаттар көлік қатынасының қолжетімділігін арттыруға, жол сапасын жақсартуға және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуда.
Атап айтқанда, Тараз қаласына қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мұнда ұзындығы 17,7 шақырым болатын жаңа жол құрылысы жүргізілуде. «Бурыл А, Б, В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында асфальт төселуде. Бұл жобалар қаланың шет аймақтарының орталықпен байланысын жақсартып, қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.
Кешенді тәсіл аясында жеті көпір мен жол өткелін салу жоспарланған. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы Абай даңғылында жаяу жүргіншілер көпірі, Асқаров көшесіндегі Қапал каналы арқылы өтетін автомобиль көпірі, Меркі ауданындағы Ойтал ауылында теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер өткелі салынбақ. Сондай-ақ Жуалы, Қордай, Мойынқұм аудандарында және Шарбақты ауылында жаңа өткелдер мен көпірлер бой көтереді. Бұл нысандар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға қолайлы жағдай жасайды.
2025 жылы 456,1 шақырым жол жөнделеді. Оның ішінде:
- 62,1 шақырым – облыстық маңыздағы жолдар;
- 50 шақырым – аудандық;
- 344 шақырым – елді мекен көшелері.
Жалпы 183 жоба аясында 481,8 шақырым жол қайта жаңғыртылады және орташа жөндеуден өтеді. Соның ішінде:
- 23 жоба (112 км) – «Көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы» аясында;
- 80 жоба (206,1 км) – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша;
- 6 жоба (28,1 км) – «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен;
- 3 жоба (5,4 км) – «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен;
- 71 жоба (130,2 км) – жергілікті бюджет есебінен іске асырылуда.
Бөлінген қаржының 4 миллиарды жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалады. Бұл қаражат жолдарды ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстауға бағытталады.
Жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болатын жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 99,5%-ға, елді мекен көшелерінің көрсеткішін 89%-ға жеткізу көзделіп отыр.
Жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында «Жол активтерінің сапа орталығы» арқылы қолданылған материалдар мен атқарылған жұмыстарға сараптама жасалып, 257,7 миллион теңгеге шарттар бекітілді.