Оқушыларға мектепке макияж жасап баруға бола ма: Оқу-ағарту министрлігі не дейді?

0
115

Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарда оқушы қыздарға макияж жасауға тікелей тыйым салынбаған.


Оқушыларға мектепке макияж жасап баруға бола ма: Оқу-ағарту министрлігі не дейді?

Фото: depositphotos.com

ERNUR.KZ. Дегенмен, мектеп мұндай шектеуді өз жарғысында немесе ішкі тәртіп ережелерінде қарастыра алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова айтты, деп жазады tengrinews.kz.

Журналистер мектеп оқушыларына сабаққа макияжбен баруға расында тыйым салынған ба және бұл үшін ата-аналарына айыппұл салынуы мүмкін бе деген сұрақ қойды.

Ақпарова Қазақстанда мектеп формасына қойылатын міндетті талаптар қолданылатынын еске салды. Ол күнделікті, салтанатты және спорттық болып бөлінеді. Мектеп формасының түсі мен үлгісін мектеп әкімшілігі ата-аналармен және қамқоршылық кеңес мүшелерімен бірлесіп айқындайды.

"Макияжға келетін болсақ, бұйрықта нақты тыйым жоқ. Дегенмен, мектептердің үлгілік ішкі тәртіп ережелері мен жарғылары бар. Бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету үшін мектептер өз ережелерінде балалардың ғимаратта макияжсыз жүруі тиіс екенін көрсете алады", - деді Ақпарова.

Вице-министрдің айтуынша, мұндай шектеу, балалардың денсаулығына деген қамқорлықтан да туындап отыр.

Бұл ретте Ақпарова әкімшілік жауапкершілік міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзғаны үшін қарастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ бұйрықта жарақат келтіруі мүмкін фурнитурасы бар киім мен аксессуарларға тікелей тыйым салынған.

Қандай жағдайда айыппұл салынуы мүмкін?

Қолданыстағы бұйрықта макияж мектеп формасын бұзу ретінде көрсетілмеген. Сондықтан ата-аналарға қызы сабаққа макияжбен барғаны үшін ғана айыппұл сала алмайды.

Бұл ретте оқушылар мектеп жарғысы мен ішкі тәртіп ережелерін, сондай-ақ мектеп формасына қойылатын бекітілген талаптарды сақтауға міндетті.

Бұған дейін мектеп формасының сәйкес келмеуіне байланысты баланы сабаққа жібермеуге болмайтыны туралы жазған болатынбыз. Алайда, белгіленген талаптарды жүйелі түрде бұзғаны үшін ата-аналарға алдымен ескерту жасалып, кейін 5 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. 2026 жылы бұл сома - 21 625 теңге.

Дегенмен, вице-министр мектептің өзі белгілеген макияжға тыйым салу ережесін бұзу ата-ананы әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жеке негіз бола алатынын нақтыламады. Ол айыппұлды тек міндетті мектеп формасын сақтамаумен байланыстырды.