Алматыдағы Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалар қаупін азайту орталығы базасында Орталық Азия елдерінің төтенше ведомстволары басшыларының кездесуі өтті.
ERNUR.KZ. Орталық қызметінің тұсаукесері және Өзбекстан мен Тәжікстанның оның бағдарламалары және бастамаларына қосылу мүмкіндігі талқылаудың негізгі тақырыбы болды, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов, Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Бообек Ажикеев, Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетінің төрағасы генерал-полковник Раджабали Рахмонали және Өзбекстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары полковник Санжар Зупаров қатысты.
«Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз етудің негізгі факторы болып табылады. Қазақстан ТЖМ орталықтың әлеуетін дамытуға қолдау көрсетіп, тәжірибе және технологиялармен бөлісуде, сондай-ақ Өзбекстан мен Тәжікстанды Орталық Азиядағы зілзалалар қаупін азайту жөніндегі бірыңғай жүйеге интеграциялау бағытындағы күш-жігерді қолдайды», - деп Шыңғыс Әрінов атап өтті.
Диалог барысында тараптар ақпарат алмасу тетіктерін, бірлескен оқу-жаттығулар өткізуді, төтенше жағдайларға ден қоюды үйлестіруді, сондай-ақ климаттық және экологиялық қауіп-қатерлердің күшеюі жағдайында ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Климаттың өзгеру салдарына бейімделу және зілзалалар қаупін азайтуға бағытталған бірлескен стратегияларды әзірлеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар күш-жігерді одан әрі біріктіруге және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірыңғай өңірлік тәсілді әзірлеуге дайын екендіктерін білдірді.