​Орталық Азия Инновациялық университеті: Еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту – уақыт талабы

0
517

Жиында сөз сөйлеген заң ғылымдарының кандидаты Ботабек Имашев тұрақтылық – кез келген мемлекеттің дамуының басты шарты екенін атап өтті.


​Орталық Азия Инновациялық университеті: Еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту – уақыт талабы

ERNUR.KZ. Орталық Азия Инновациялық университетінде Жаңа Конституцияны түсіндіруге арналған арнайы жиын өтті. Іс-шараға оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы қатысып, конституциялық реформаның мазмұны мен маңызын талқылады.

Жиында сөз сөйлеген заң ғылымдарының кандидаты Ботабек Имашев тұрақтылық – кез келген мемлекеттің дамуының басты шарты екенін атап өтті. Оның айтуынша, саяси және құқықтық жүйедегі оң өзгерістер елдің болашағына тікелей әсер етеді. Қолданыстағы Конституция тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қабылданып, мемлекеттілікті қалыптастыруда тарихи миссиясын абыроймен атқарды.
– Бүгінгі таңда әлемдегі геосаяси ахуалдың өзгеруі, ғылым мен технологияның қарқынды дамуы, сондай-ақ қоғам сұранысының жаңа деңгейге көтерілуі құқықтық жүйені жаңаша пайымдауды талап етеді. Қалыптасу кезеңінен даму кезеңіне өткен тұста елдің ішкі әлеуеті мен институционалдық тұрақтылығын күшейту – уақыт талабы. Осыған байланысты Конституция нормаларын заман талабына бейімдеу қажеттілігі туындап отыр. Жаңа Конституция – адам құқықтары мен заң үстемдігін басты құндылық ретінде айқындайтын, білім мен ғылымға негізделген өркениетті мемлекет құруға бағытталған нақты қадам, – деді Ботабек Есенбекұлы.
Сонымен қатар, университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұрлан Хайдаров жаңа редакцияда заң үстемдігі қағидаты мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктеріне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жиын барысында қатысушылар конституциялық реформаның елдің саяси жүйесін кешенді жаңғыртудағы маңызын атап өтіп, ұсынылған өзгерістердің Қазақстанның құқықтық және институционалдық дамуына оң серпін беретініне сенім білдіріп, жаңа Конституцияны қолдайтындықтарын жеткізді.