Орталық Азияның креативті жастары Алматыда бас қосты

0
1 215

І халықаралық жастардың Оталық-Азия «Central Asia Youth Festival» фестивалі өз жұмысын бастады.


Орталық Азияның креативті жастары Алматыда бас қосты

ERNUR.KZ. Бүгін Алматы қаласында І халықаралық жастардың Оталық-Азия «Central Asia Youth Festival» фестивалі өз жұмысын бастады, деп жазады Елорда Инфо.

Ауқымды диалог алаңы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Әзірбайжаннан келген 18 бен 29 жас аралығындағы 300-ден астам жастың басын қосты.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры және Алматы қаласының әкімдігі бірігіп ұйымдастырған екі күндік «Central Asia Youth Festival» Жастар жылына арналады.
Фестивальдің ашылу рәсіміне ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов қатысты.
Әсет Исекешев ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.
«Бұл форум аймақтағы бейбітшілік пен өркендеу жолындағы маңызды қадам. Тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға шақырады. Бұл Орта Азиядағы бауырлас халықтардың ортақ тарихы мен ортақ әлеуметтік-экономикалық және мәдени контекстегі сындарлы диалогының жаңа моделі. Болашақ жастардың қолында. 2019 жыл Қазақстанда Жастар жылы болып жарияланды. Бұл қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге жауап беретін, жедел әрекетті қажет ететін шешім. Жаһандану кезінде ресурстардың қолжетімділігі бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Бүгінгі таңда адам капиталы - бұл ұлт табысының басты факторы. Қару жарысы, интеллект жарыстарына жол берді. Демек, Сіздер өздеріңіздің шексіз потенциалыңыз бен қабілетіңізге, күш-қуатыңызға конструктивті назар аударуыңыз керек. Біздің бар үмітіміз, күшіміз және тірегіміз – жастар. Біздің алтын қорымыз да Сіздер. Бұл фестиваль – рухтандыратын дұрыс бағытты қалыптастыратын шара. Біздің фестиваль - бұл алғашқы қадам. Алда ұзақ әрі қызықты саяхат күтіп тұр. Ақ жол, менің достарым!», - деді ол.

«Central Asia Youth Festival» бірнеше мақсаттарды көздейді. Соның ішінде: жастардың саяси сауаттылығын және жастардың белсенді азаматтық ұстанымын дамыту, өңірлік интеграция үшін алаң құру, Орталық Азия елдері жастарының арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және өңірдің жас көшбасшыларының потенциалын дамыту.

Фестивальдің бірінші күнінде IT технологиялар мен киберқауіпсіздік, студенттердің жұмыс таңдауы, көші-қон және т.б. озық іс-тәжірибелермен алмасады.

Жастар диалогы кәсіби деңгейде іс-тәжірибелік сипатта өтуі үшін талқылауға және секциялық отырыстарға саяси және қоғамдық қайраткерлер, сондай-ақ өмірлік мақсатқа қол жеткізуде айтарлықтай тәжірибесі бар жас көшбасшылар: Айдан Рамазанова (Әзірбайжан), Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры Томас Хельм (Германия), Нұр-Сұлтан қаласындағы ОБСЕ кеңсесінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Колин Маккалоу, Қырғыз Республикасының Ұлттық Қызыл Жарты Ай Қоғамының ұлттық үйлестірушісі, еріктілер мен жастардың бас продюсері Айсулу Кангелдиева және басқалары қатысады.

Ашылу барысында қонақтар мен еріктілерге концерттік бағдарлама ұсынылды. Жиналғандар алдында «Арқайым» этно-фольклорлық тобы, «Самрұқ» заманауи би театры «Жол» биін ұсынды, ал «Voice» квартеті «We Are The Champions» әнін орындап берді.