​ОСК: 13 сөйлемнен 19 қате жіберген үміткерді сайлауға тіркеуден бас тартты

0
1 671

Комиссия 8-ден көп қате жіберген үміткерді емтиханнан өткізбейді.


​ОСК: 13 сөйлемнен 19 қате жіберген үміткерді сайлауға тіркеуден бас тартты

ERNUR.KZ. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жұматай Әлиевтің Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында қойылған талаптарға сәйкестігін анықтау туралы қаулыны қабылдады, деп жазады BAQ.KZ.

«2019 жылғы 28 сәуірінде «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі Орталық сайлау комиссиясына Жұматай Әлиевті Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсынғаны туралы құжат тапсырған болатын.

«Сайлау туралы Конституциялық заңының 54 және 55-бабына сәйкес мына құжаттар ұсынылды: «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің жоғары органы отырысының Жұматай Әлиевті ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме; ҚР Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат; оның өмірбаяндық деректері, жеке басын куәландыратын құжаттың, жоғары оқу орнындағы білімі туралы дипломдарының көшірмелері, мемлекеттік қызметте немесе мемлекеттік сайланбалы лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтер, оның ҚР Президенттігіне кандидат ретінде дауыс беруге түсуге келісім бергені туралы өтініш түсті», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен.

Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында Жұматай Әлиевті мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы болып өткен еді. ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссияның мүшесі Әділ Ахметов үміткер бірінші кезеңде «Мемлекет және дін» деген тақырыбында жазған шығармадағы 13 сөйлемнен 19 қате табылғанын айтқан болатын. Комиссия 8-ден көп қате жіберген үміткерді емтиханнан өткізбейді.

«Лингвистикалық емтихан барлық белгіленген кезеңдер бойынша өткізілді. Өткізілген емтиханның нәтижелері бойынша лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Ж.Әлиевтің мемлекеттік тілді еркін меңгермегені жөнінде шешім қабылдады», - деді комиссия мүшесі.