Оның қожайыны – отандасымыз Кира Титенева
ERNUR.KZ. Бүгінде жаңа қызмет түрі америкалықтар арасында үлкен сұранысқа ие бола бастапты, деп жазады 24.kz.
Нью-Йорктің жоғары шығыс бөлігінде иттерге арналған қонақүй бар. Манхэттеннің атақты ауданында бай-қуаттылардың үйлері мен түрлі музейлер орналасқан. Ал отандасымыз Кира отбасымен бірге бұл жерде иттерді бағу қызметін ұсынады.
«Америкадағы өмірiмді саққұлақтарға арнайтыным үш ұйықтасам да түсіме кірмепті», – дейді бұрын Алматыда тұрған келіншек.
Ол осыдан 10 жыл бұрын Нью-Йорк университетіне түседі. Сол кезде Кира бразилиялық Пауло Роча есімді жігітті кездестіреді. Жаңа танысы иттерді серуендету қызметінде жұмыс істейтін болып шықты. Саққұлақтарды жақсы көретін екеуі ақыры табысып, отбасын құрады. Қазір олардың Хьюго мен Хлое есімді егіз баласы бар. Бүкіл отбасы бүгінде Нью-Йорктегі 400 иттке қызмет көрсетеді.
"Өткен өмірімде иттерге қиянат жасаған шығармын. Тағдырым үнемі төртаяқты адал жануарға тоғыстырады. Алматыдағы ата-анам да Еуропадан асылтұқымды иттерді таситын. Бір рет Кубадан боксер тұқымды күшік әкелгені есімде. Ресей, Чехия, Словакиядан да арнайы барып алып келетін. Олар сол кезде асылтұқымды иттерді көбейтумен айналысушы еді. Тіпті, балабақшаға баратын жасымда үйімізде 4-5 иттің болғаны есімде" - иттерге арналған қонақүйдің иесі Кира Титенева-Роча.
Киро мен Пауло құрған компанияда бүгінде 30 адам еңбек етеді. Олар иттерді серуенге шығарып, арнайы күтім жасайды. Тіпті бұлшық еттерін де жаттықтырады.
"Бұл – клиенттеріміздің кілті. Үйде жалғыз қалған иттерді сыртқа шығарып, серуендетеміз. Әрбір кілтте иттің аты, тұратын үйінің мекенжайы мен байланыс телефоны көрсетілген. Кейде аттары бірдей 5-6 ит болады, оларды бір сандық код арқылы ажыратамыз" - Кира Титенева-Роча
Кираның айтуынша, Нью-Йорктегі әрбір алтыншы отбасы ит ұстайды. Сондықтан ауа райының қолайсыздығына қарамастан аталмыш қызмет үздіксіз көрсетіледі. Қонақүй қожайындары төртаяқты меймандарға барлық жағдай жасаған. Ал иттердің тәртіпті болуын Кираның өз иті Молля есімді бульдог қадағалайды. Кира мен Пауло қазақстандық саққұлақтарға да қарайласады.
Алматыдағы иттерге баспана тауып беруге көмектесу үшін арнайы Facebook парақшасын ашқан.