Отбасының әл-ауқат деңгейі 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық критерийлер бойынша анықталатын болады.
Фото: ӨзА
ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау кезінде отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтаудың балдық моделін енгізу туралы жариялады, деп жазады inform.kz.
Қазақстанның екі облысында отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтаудың балдық үлгісін пайдалана отырып, Еңбек министрлігінің Бірыңғай цифрлық платформасы арқылы білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй қатынастары және дене шынықтыру салаларында бірқатар мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңа тәсіл республикалық бюджеттен әлеуметтік төлемдердің барлық түрлерін сақтай отырып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан мақсатты қосымша қолдау шараларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетіледі.
Бұрын хабарланғандай, алты мемлекеттік органның (ҚР ҒЖБМ, ҚР ОМ, ҚР ТСМ, ҚР ӨҚМ, ҚР ЦДИАӨМ және ҚР ЕХӘҚМ) 2020 жылғы 22 мамырда Шымкент қаласында және Қарағанды облысында пилоттық жобаны іске асыру туралы бірлескен бұйрығына қол қойылды.
— Отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтаудың баллдық моделі жергілікті бюджеттер есебінен іске асырылатын қосымша әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау кезінде пайдаланылады, мысалы, мектептерде тамақтандыру, колледждер мен ЖОО студенттерін жатақханамен қамту, санаториялық-курорттық емдеу, тұрғын үй көмегін көрсету, — делінген хабарламада.
Отбасының әл-ауқат деңгейі 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық критерийлер бойынша анықталатын болады. Қосымша қолдау шараларына өтініш білдірген барлық отбасылар 6 санатқа жіктеледі — аса қажеттіліктен (азық-түлікке қаражаттың болмауы) жоғары әл-ауқатқа дейін (қаржылық қиындықтар жоқ). Шешім отбасының цифрлық картасы арқылы жиналған объективті деректер негізінде автоматты түрде қабылданады.
Көмек барлығына бірдей емес, қажеттілігіне қарай көрсетіледі. Материалдық көрсеткіш ретінде есепке алынады: табыс, мүлік, көлік, несиелердің болуы; және материалдық емес (денсаулық, мүгедектік, білім деңгейі), сондай-ақ тәуелділік ауыртпалығы және жасырын табыстың болуы, мысалы, бейресми жұмыс.
— 2 және одан да көп тұрғын үй, 2 және одан да көп көлік құралы, тіркелген заңды тұлғасы (ЖК, ЖШС) бар және бір отбасы мүшесіне шаққандағы айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 4 деңгейінен асатын үй қожалығы — әл-ауқат деңгейі жоғары 6-санатқа жатқызылады. Мұндай отбасылар жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын қосымша әлеуметтік қолдау шараларын алушылардың қатарынан шығарылады, — деп жазды ведомстводан.
1-5 санатқа жатқызылған отбасыларды қолдау шараларын тағайындау автоматты түрде жүзеге асырылады.
Скорингтік үлгіні енгізу республикалық бюджеттен кепілдендірілген әлеуметтік төлемдерге (барлығы 41 түріне) әсер етпейтінін атап өткен жөн. Базалық және ынтымақты зейнетақылар, жүктілігі және бала күтімі бойынша 1,5 жасқа дейінгі жәрдемақылар, көпбалалы отбасыларға және марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы, мүгедектік бойынша және мүгедек бала күтімі бойынша жәрдемақылар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы, арнаулы мемлекеттік және басқа да жәрдемақы түрлері өзгеріссіз төленетін болады.
Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға арналған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің 5 түрі бірдей көлемде сақталады.
Баллдық үлгіні қолдану нақты мұқтаж азаматтарға мақсатты түрде көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.