«Отбасымызды сақтап қалуға шешім қабылдадық»: боксшы Теміртас Жүсіпов әйелімен татуласқанын айтты

0
143

Жүсіпов жұбайы екеуінің арасында расында да отбасылық жанжал болғанын растады.


«Отбасымызды сақтап қалуға шешім қабылдадық»: боксшы Теміртас Жүсіпов әйелімен татуласқанын айтты

Видео кадры

ERNUR.KZ. Қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіпов пен оның әйелі отбасындағы даудан кейін бірге видеоүндеу жасады. Олар татуласқанын және отбасын сақтап қалуға шешім қабылдағанын айтты, деп жазады ulysmedia.kz.

Спортшының айтуынша, олардың отбасына қатысты түрлі әңгіме тарап кеткен. Сондықтан ерлі-зайыпты жағдайға өздері пікір білдіруді жөн көрген.

Жүсіпов жұбайы екеуінің арасында расында да отбасылық жанжал болғанын растады. Кейін олар болған жағдайды бірге талқылап, отбасылық өмірді жалғастыру туралы ортақ шешімге келген.

Сондай-ақ, ол көпшіліктен олардың жеке өміріне құрметпен қарауды сұрады.

Жұбайы арызын қайтарып алды

Боксшының жұбайы арызын өз еркімен қайтарып алғанын және қылмыстық істі тоқтатуды сұрағанын мәлімдеді.

Ол мұндай шешімді ешкімнің қысымынсыз, өз қалауымен қабылдағанын атап өтті.

Оның сөзінше, отбасы болған жағдайды ұмытып, әрі қарай тыныш өмір сүргісі келеді.

Контекст

Бұған дейін бокстан әлем чемпионы Теміртас Жүсіповтің әйелін ұрып-соққаны туралы ақпарат тараған еді.

Кейін Ақмола облысының полиция департаменті денсаулыққа қасақана зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Полиция мәліметінше, 30 маусымда Көкшетау тұрғыны отбасылық жанжал кезінде әйелін ұрып-соққан.

Кейін спортшының әйелі күйеуіне қатысты шара қолданбауды сұраған.