Дәрігерлердің айтуынша, есірткіге еліткендер 2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы 30 пайызға көбейген.
Иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Елімізде ішкілікке салынғандар мен нашақорлар артып барады. Былтыр олардың қатары 30 пайызға ұлғайған. Пандемия кезінде жұмыссыз қалғандар есірткі мен ішімдікті жиі пайдалануды әдетке айналдырыпты. Ең өкініштісі 12-13 жасынан нашақор атанған балалардың саны көбейіп барады. Мәліметтер құпия сақталатындықтан мұндайлар жеке орталықтарға көптеп жүгінеді екен, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
30 жастағы Ақыл дене шынықтыру саласында еңбек етіпті. Букмекерлік кеңсеге бәс тігіп, пайдаға кенелем деген ол, тапқан-таянғанын құмар ойынға ұттырған. Көлігін, үйіндегі мүлкіне дейін сатып жіберген соң туған-туыс, дос-жарандарын алдап, қарызға ақша алған. Ақыры ішімдікке салынғандықтан жақындары сырт айналған. Ал карантин басталғанда ішімдікті жастанып ішіпті. Қарыздары қазір 3 миллион теңгеден асып жығылады.
"Екі балам бар, екі қызым, әйелім бар. Олар шыдай алмады. Күнде ішемін. Таңға дейін маза бермеймін. Ішімдік-ішімдік, басқа ештеме көрмедім. Барлық жора-жолдастар, барлығы теріс қарады. Жұмыстан да айырылдық", - дейді қала тұрғыны Ақыл.
Ал Александр есірткіге есі кеткендердің бірі. 16 жасынан наша шеге бастап, кейіннен синтетикалық есірткіге тәуелді болып қалған. Күніне 25 мың теңгеге есірткі сатып алатын ол үйіндегі құнды заттардың барлығын сатып, ақыры ұрлық жасауға көшкен.
"Алкогольге тәуелділік пандемия кезінде басталды. Жұмыс жоқ болғандықтан есірткіге ақша табу қиындады. Содан кейін ішімдікке салындым", - деді қала тұрғыны Александр.
Дәрігерлер пандемия кезінде ішімдікке салынғандар еселеп артқанын айтады. Ішімдік вирустың алдын алудың орнына адамның иммунитетін төмендетеді екен. Есірткіге еліткендер де жиілепті. Мұндайлардың қарасы 2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы 30 пайызға көбейген.
"Нашақорлық аурулар саны жылдан жылға көбейіп жатыр. Әсіресе, қазіргі уақытта синтетикалық нашақор көп пайда болып жатыр. Оны қабылдап жатқан 18 жас пен 35 жасқа дейінгі адамдар", - дейді нарколог-дәрігер Таймас Сырымов.
Ал психологтар елімізде есірткіге тәуелділер жасарып келе жатқанын айтады. Кейінгі кездері балалар да синтетикалық есірткілер мен психотроптық дәрілерді жиі пайдаланатын болыпты. Есірткі мен ішімдік өнімдерінің қолжетімді болуы сұранысты арттырған. Оған көбіне жұмыссыз отырған жастар құмар екен.
"Біздің статистика бөлімі бақылап отырмыз, пандемия кезінде есірткіге тәуелділер қатары көбейіп барады. Тәуелділік деген - ауру. Адам жалғыз қалғанда және істерге іс болмағанда оған сұраныс арта түседі. Себебі, жұмысы болмаған соң бақылау да, мотивация да жоқ. Бұрын есірткіге тәуелділер 17-18 жаста болса, қазір 12-13-тегі балалардың ата-аналары бізге жүгінуде. Себебі балалар синтетикалық есірткілерге тәуелді болып барады", - деді психолог Алексей Козырь.
Мамандардың уәжін статистикалық көрсеткіштер де растап отыр. Мәселен, өткен жылы алкогольдік сусындарды өндіру 2019 жылмен салыстырғанда 14 пайызға артқан. Нақтырақ айтқанда, 22 миллион литр арақ шығарылған. Жан басына шаққанда бесіктегі балаға дейін бір литрден айналады екен.