Павлодар облысында ағайынды екі бала суға батып кетті

0
781

Ұлдардың анасы кешкі сағат тоғыздың шамасында жұмыстан келгенде балаларын үйінен таппаған.


Павлодар облысында ағайынды екі бала суға батып кетті

ERNUR.KZ. Оқиға Успен ауданы Галицкое ауылында болды. Ағайынды жеті және сегіз жасар ұл балалар қайтыс болды, деп жазады ҚазАқпарат.

Ұлдардың анасы кешкі сағат тоғыздың шамасында жұмыстан келгенде балаларын үйінен таппаған.

Әйел учаскелік полиция қызметкеріне хабарласып, ауылдастарынан жоғалған балаларды табуға көмектесуін сұрады.

Жоғалған балалар сағат 23.00-де табылды.

Өкінішке қарай, оларды аман алып қалу мүмкін болмады.

«5 қазан күні сағат 22:20 шамасында Галицкое ауылының учаскелік инспекторына ауыл тұрғыны хабарласып, ол кешкі сағат 21:00-де жұмыстан үйіне келгенде жеті және сегіз жасар кішкентай ұлдарын таппай қалғанын хабарлады. Әйел балаларды табуға көмек сұраған. Учаскелік инспектор ауыл тұрғындарымен бірге іздестіру шараларын ұйымдастырды» деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Қайтыс болған балалар ауылдан 500 метр жерден табылды. Олар алқап суаруға арналған жасанды су қоймасына батып кеткен.

«Балалардың денелерінен зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - деп түсіндірді полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Гидротехникалық құрылыстың қоршалмағаны, аумақта жарық болмағаны, жақын маңда тыйым салатын белгілердің жеткіліксіздігі анықталды.

Бұл адам өміріне қауіп төндіреді, сондықтан екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу және қызметтік міндеттерін орындау кезінде салғырттық таныту фактілері бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі және 254-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.