Нәтижесінде қоныс аудару тек қағаз жүзінде ғана орындалады, халық көшіп кеткендіктен, облыста 59 елді мекен жойылған.
ERNUR.KZ. Павлодар облысының прокуратурасы халықты оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы бойынша қыруар қаржының ұрланғанын мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Прокурорлар қылмыс схемасын да жариялады. Оған сәйкес, үйлердің құнын 8 миллион теңгеге дейін жасанды түрде көтерген. Негізгі мақсат – шығынның жартысын алу. Себебі қоныс аударушылардың үйді сатып алуға кеткен шығынның жартысы өтеледі. Ал ол сома 4,2 миллион теңгеден аспауы шарт. Қайтарылатын ақшаны барынша соған сай етіп келтірген.
"Іс жүзінде қараусыз қалған үйлер 500 мың теңгеден бастап сатып алынған. Нәтижесінде қоныс аудару тек қағаз жүзінде ғана орындалады, халық көшіп кеткендіктен, облыста 59 елді мекен жойылған. Тек 6 ауданда ғана 600 миллион теңгеге шығын анықталды", - дейді прокурорлар.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі (алаяқтық, аса ірі мөлшерде жасалған әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Осы қылмыс үшін бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.