Премьер-министрдің бірінші орынбасары Қызылорда облысындағы әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалардың құрылыс барысын тексерді

0
94

Алдымен Қызылорда қаласының айналма автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары таныстырылды.


Премьер-министрдің бірінші орынбасары Қызылорда облысындағы әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалардың құрылыс барысын тексерді

ERNUR.KZ. Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі стратегиялық маңызы зор жол инфрақұрылымы жобаларымен және әлеуметтік нысандар құрылысымен танысты, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Мемлекет басшысы озық және заманауи көлік жүйесін қалыптастырудағы бағыттар «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарын телекөпір арқылы бастап беріп, құрылысты сапалы салып, уақытылы аяқтауды тапсырғаны белгілі.

Алдымен Қызылорда қаласының айналма автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары таныстырылды. Қазір жол негізін төсеу, темірбетон су өткізу құбырларын орнату қолға алынған. Жобаға 46,4 млрд теңге бөлінген, 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Ал «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолының учаскесін қайта жаңғыртуға 242,3 млрд теңге қарастырылған. Мұнда «Integra Construction KZ» ЖШС-ның 131 жұмысшысы мен 82 техникасы жол бойындағы топырақтың құнарлы қабатын алуда. Жобалық шешімдерді әзірлеу, инженерлік-геодезиялық зерттеу жұмыстары да қатар атқарылуда.

«Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолын қайта жаңғырту 182,2 шақырымды қамтиды, оған 191,5 млрд теңге бөлінген. Төрт құрылыс учаскесінде 112 жұмысшы, 90 техника еңбек етуде. Топографиялық-геодезиялық зерттеулер, топырақ карьерлерін барлау жұмыстары аяқталған.

«Ұлғайсын – Сексеуіл» автомобиль жолын қайта жаңғыртуға 752,5 млрд теңге қарастырылған. Қазір мұнда 452 адам жұмыспен қамтылған.

Құрылысты салу барысында көліктер бұрынғы жолмен жүре береді де, жаңа жол салынған соң соған ауысады. Қолданыстағы ескі жол қайта жаңғыртылып, көлік қозғалысы кезең-кезеңімен реттеледі.

«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа бағдарлар еліміз­дің тран­зиттік әлеуеті мен логис­ти­калық мүмкіндіктерін еселеп арттыратынын атап өтті. Жол сапасына қатысты айтылған өткір сыннан нәтиже шығару керек. Сондықтан бірінші кезекте жұмыстың сапасына жете мән беру қажет. Сапалы, барлық талапқа сай жол ұзақ уақыт пайдалануға жарайды. Бұл стратегиялық маңызы зор нысандар Президентіміздің, Үкімет басшысының бақылауында», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жұмыс сапары аясында Үкімет басшысының бірінші орынбасары әлеуметтік нысандар құрылысымен де танысты.

Бүгінде Қызылорда қаласында көпбейінді аурухана, емхана және перинаталдық орталық сияқты бірнеше медициналық нысан салынуда. Көпбейінді аурухана 300 төсек-орындық, қасында онкологиялық бөлімшесі, ауысымына 100 келушіге арналған емханасы бар. Ғимараттың он блогында қабылдау, реанимация, химиотерапия, операциялық және радиология бөлімдері, пансионат, физиотерапия және басқа да бөлімшелер орналасады. Медициналық кешен құрылысына республикалық бюджеттен, жұмысты соңына жеткізу үшін Инфрақұрылымдық даму қорынан қаржы бөлінді.

Бүгінде құрылыстың 85%-ы аяқталған. Осы уақытта ішкі әрлеу, инженерлік желі тарту, аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары атқарылып, құрал-жабдықтар сатып алу үшін келісімшарт рәсімделуде.

Қызылорданың шет аймағындағы шағын ауданда 400 келушіге арналған №5 емхана салынуда. Мұндағы жұмыстың да жартысынан астамы, яғни 65%-ы орындалған. Жалпы ауданы 8 937 шаршы метр болатын медициналық нысанды салуға 9,8 млрд теңге бөлінген. Қазір ішкі әрлеу, терезе орнату және инженерлік желі тарту жұмыстары жүргізілуде. Желтоқсанның 25-іне дейін медициналық жабдықтарды жеткізіп орнату, нысанды жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған.

Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытуға арналған тағы бір нысан – 200 төсектік перинаталдық орталық. Қазір құрылыс алаңы қоршалып, жері қазылуда. Сонымен қатар іргетасы құйылып, арматура тоқылуда. Ғимарат үш қабатты, мамандандырылған бөлімдерге қоса, зертханасы және тамақтану блогы бар. Аумағы 39,1 мың шаршы метр, 52,8 млрд теңге бөлінген. Нысан 2028 жылғы наурызда пайдалануға беріледі.

Облыс орталығындағы құрылысы қарқынды жүріп жатқан «Қызылорда Арена» спорт кешеніндегі жұмыс 90% аяқталған. Ішкі әрлеу, дизайнерлік безендіру, қасбетін қаптау, аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Сырдария өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің ұзындығы 319,4 метр, ені әр учаскеде 6 метрден 12 метрге дейін жетеді. Көпір жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге ыңғайлы етіп жасалады. Аталған жобаны жүзеге асыруға 12,9 млрд теңге қарастырылған.

Нұрлыбек Нәлібаев жауапты басшыларға сапа мен мерзімге қатысты белгіленген талаптарды сақтауды, ғимараттар айналасын абаттандыруға да баса мән беруді тапсырды.