Президент: Алғашқы сапарымның Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуына тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар

0
1 458

Екі мемлекеттің бір-біріне жақындай түсуін халық зор жігерлене қабылдап отыр.


Президент: Алғашқы сапарымның Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуына тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар

ERNUR.KZ. Алғашқы мемлекеттік сапарымның Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар. Өзбекстанның «ӨзА» ұлттық ақпарат агенттігіне сұхбат берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

"Осынау атаулы оқиғаны өткізу туралы шешім екіжақты қарым-қатынас жылнамасының жарқын бетіне айналды. Қазақстандағы Өзбекстан жылы өте жоғары деңгейде өтті. Біздің елімізде ғылым, мәдениет, білім адамдары, мекемелері, кәсіпкерлік құрылымдар арасындағы байланыстарды кеңейтуге және нығайтуға септігін тигізген 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Бірінші қазақстандық-өзбекстандық өңіраралық ынтымақтастық форумы табысты өткізілді. Оның қорытындысында екі елдің байланыстарын одан ары дамытуды көздейтін маңызды құжаттарға қол қойылды", -деді ҚР Президенті.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай форматтағы ынтымақтастық шекаралас облыстардың өзара іс-қимылының артуында маңызды факторға айналып, бизнестің екі елдің нарығына шығуын жеделдететіндігін, екіжақты сауданы айтарлықтай жандандыруға мүмкіндік беретіндігін баса айтты.

«Мәселен, өткен жылы елдеріміз арасындағы тауар айналымы шамамен 50 пайызға ұлғайып, 3 млрд долларды құрады. Екі мемлекеттің бір-біріне жақындай түсуін халық зор жігерлене қабылдап отырғандығын баса айтқым келеді. Сондықтан бауырлас елге менің алғашқы мемлекеттік сапарымның Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар", - деді Мемлекет басшысы.