Соңғы тәулікте Ресейде 85 өңірде 34 325 науқас тіркелген.
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында Ресейде коронавирустың өршуіне байланысты шекарада санитарлық-карантиндік талаптар күшейтілді, деп жазады ҚазАқпарат.
Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен өңірлік жедел штаб отырысында БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев мәлім етті.
Оның айтуынша, соңғы тәулікте Ресейде 85 өңірде 34 325 науқас тіркелген.
Соның ішінде Батыс Қазақстанмен шектесетін Самара облысында - 915, Волгоградта - 382, Орынборда - 399, Саратовта 408 адамнан коронавирус анықталды.
«Күні бүгін індетке тосқауыл қою мақсатында шекарадағы 4 карантиндік-санитарлық бекетте 12 эпидемиолог тәулік бойы жұмыс істеп жатыр», деді М.Арыспаев.
Оның сөзіне қарағанда, 1 қазаннан бері анықтамасыз өткен 673 жолаушының біреуінен індет табылды. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 1946 жүргізуші анықтамасыз өткен. Соның екеуі коронавирус жұқтырған болып шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар саны 10,2 пайызға төмендегенін, 250-ден астам науқастың стационарда емделіп жатқанын жазған болатынбыз.