Риддердегі жылу орталығы мемлекеттің меншігіне өтетін болды

0
564

Риддерде өткен аптада жылу қазандықтарын жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі басталды.


Риддердегі жылу орталығы мемлекеттің меншігіне өтетін болды

ERNUR.KZ. Қыс бойы жергілікті тұрғындарды тұрақты жылудан айырған Риддердегі жылу қазандығының өткен аптада жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі басталып кетті. Кейін ол «Өскемен жылу желілері» АҚ-ға өткізіледі, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов Риддердегі жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысу кезінде айтты.

«Риддер жылу орталығын күрделі жөндеуден өткізу мақсатына 7 млрд теңге қарастырылған. Орталықтағы қазандықтар 1956 жылы салынған. Қаншама жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген. Ал қазір 6 қазандық та күрделі жөндеуді қажет етеді. Яғни бізді өте үлкен жұмыстар күтіп тұр және біз оған толықтай дайынбыз. Қазір орталықтағы жұмыс қарқыны күннен-күнге артып келеді», деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі жылу орталығының заңды түрде мемлекеттік меншікке өтетінін де атап өтті.

«Бүгін келісімшарт жасастық. Риддер ЖЭО бөлімшесі «Өскемен жылу желілері» АҚ құрамына кіретін болады. Сондай-ақ жақында тұрғындармен кездесу өткізіп, жөндеу бағдарламасының қалай жүзеге асатынын таныстырамын. Айта кету керек, Риддерде бес жыл ішінде алғаш рет гидравликалық сынақ жүргізіліп, желілерде ақау пайда болды. Сондықтан 3,3 шақырым құбырды да ауыстырамыз. Бұл жұмыстарға бірнеше компания қатысады», – деді облыс әкімі.

Жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстары жоспар бойынша 15 қыркүйекте толықтай аяқталуы тиіс.