Р.Скляр су қоймасының жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізуді, ал су жіберу бойынша барлық жұмысты жергілікті атқарушы органдармен келісуді тапсырды.
Бірінші вице-премьер Роман Скляр Ақтөбе облысындағы су тасқыны жағдайымен және жүргізіліп жатқан жұмыстарды үйлестіру барысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі су тасқыны жағдайымен, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмыстарын үйлестіру барысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында бірінші вице-премьер Ақтөбе су қоймасының ағымдағы жай-күйін тексерді, ол еріген қар суының шамадан тыс жиналуы салдарынан толып кеткен. Су қоймасындағы суды ағызып жіберу нәтижесінде Елек және Қарғалы өзендерінің бойында орналасқан Ақтөбе қаласының саяжайлары су астында қалды. Қазіргі уақытта су қоймасы 100%-ға толған, су гидротехникалық құрылыстар арқылы секундына 1 000 текше метр қарқынмен жіберіліп жатыр.
Жалпы өңірдегі су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 1 735 адам, 350 техника мен 62 мотопомпа жұмылдырылған. Мемлекеттік органдардың барлық күш-жігері су тасқынының салдарын барынша азайтуға бағытталған. Зардап шеккендерге Үкімет пен әкімдіктер тарапынан қажетті көмек көрсетілетін болады.