Сайлауалды уәдесін орындамаған депутатты сайлаушылар кері қайтаруға мүмкіндік алады.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұханов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауы елімізде жүргізіліп жатқан демократиялық процестерге тың серпін берді. Онда Жаңа Қазақстанның келбеті, оны құру бағытында тұрған міндеттер және ол міндеттерді шешу жолдары анық көрсетілді. Айтылған бастамалардың көпшілігі Ата заңда бекітілген қоғам мен мемлекеттің негіздерін қозғайды. Осы мақсатта құрылған жұмыс тобы Конституцияға түзетулердің жобасын ұсынды. Жұмыс тобына мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және еліміздегі танымал заңгер-ғалымдар қатысты. Заң жобасында қазіргі таңда елімізде қалыптасқан суперпрезиденттік басқару нысанын одан ары жетілдіру көзделген. Бұл мақсатты Мемлекет басшысы өзінің бірқатар өкілеттігін басқа органдарға береді немесе олармен келісе отырып атқарады. Бұл соңғы жылдары елімізде жүргізіліп жатқан орталықсыздандыру процесінің жалғасы», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, ол 2017 жылы елімізде болған үшінші Конституциялық реформаның нәтижесінде Мемлекет басшысы өзінің бірқатар өкілеттігін Парламент пен Үкіметке бергенін еске салды.
«Парламент пен жергілікті өкілді органдардың рөлін күшейту көзделген. Палаталарды жасақтау тәртібі мен олардың функцияларында да да елеулі өзгерістер бар. Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10-ға дейін қысқартылып, оның 5-еуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынатын болады. Мәжіліс сайлауында аралас сайлау жүйесі енгізіледі. Мәжілістің 30 пайыз депутаттары 1 мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады және сайлауалды уәдесін орындамаған депутатты сайлаушылар кері қайтаруға мүмкіндік алады», - деді Бақыт Нұрмұханов.