Сәуірден бері Қазақстанда 2 571 бала коронавирус жұқтырған

0
554


Сәуірден бері Қазақстанда 2 571 бала коронавирус жұқтырған

ERNUR.KZ. Сәуір айынан бері елімізде 2,5 мыңнан астам балада коронавирус анықталған. Бүгінде кезекші сыныптарға барған 50 оқушы мен 3 бүлдіршін дәрігерлердің бақылауында. COVID-19 жұқтырған тағы 20 оқушы үйлерінде оқшауланған, деп жазады 24.kz.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Мамандардың айтуынша, коронавирус белгілері үлкен-кішіде бірдей білінеді. Дегенмен, ересектерге қарағанда балаларда бұл ауру жеңіл немесе орташа ауырлық деңгейінде өтеді. COVID-19 балаларда симптомсыз түрде болғанымен, аурудың салдары бірнеше аптадан кейін бір-ақ білінуі мүмкін.

Инфекционист дәрігерлердің айтуынша, уақыт өте келе білінген коронавирустың салдары кавасаки синдромына ұқсас ауру.

Оның басты белгілері: дене қызуының көтерілуі, бас ауруы және әлсіздік. Ал кей баланың денесінде бөртпе пайда болады.

"Бұл «кавасакиге ұқсас синдром» немесе «көпжүйелі қабыну синдромы» деп айтылады. Ол коронавирус жұқтырған балаларда немесе симптомсыз түрмен ауырғаннан кейін 4-5 аптадан кейін пайда болады. Салдарынан дене қызуы бес күннен артық көтеріліп, температура 38-40 градусқа дейін жоғарылауы мүмкін. Бастың, тамақтың ауыруы, жөтел, буындардың сырқырауы, бұлшықеттердің ауыруы кейбір балаларда құсу және іш өтуі болуы мүмкін" - дейді №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының инфекционист дәрігері, Жанар Бөкенова.