Семейде күл-қоқыс төгетін полигоннан қала маңындағы аудан халқы зардап шегіп отыр.
Жел тұрған уақытта ауаға көтерілетін көмір қалдықтары тұрғындардың баспаналарына кіріп, ауыз суы мен азық-түліктерін ластап жатыр екен. Тіпті, күн жылыған сәтте отырғызылған көшеттер улы заттардың әсерінен қурап қалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Семейдегі Восход және Водный шағын ауданының тұрғындары іргесіндегі көмір қалдықтарын төгетін полигоннан бірнеше жылдан бері зардап шегіп келеді. Жыл сайынғы жағдай. Желдің екпіні күшейсе, айнала түтіннен көрінбей қалады екен. Қаладан күніне мыңдаған тонна күл-қоқыс төгілетіндіктен жұртың таза ауамен тыныстамағандарына да біраз уақыт болған.
«Бәріміз өзіміз қазып алып отырмыз. Бұл судың өте зияны бар денсаулыққа. Ол балаға да зиян, адамға да зиян. Және мына полигон туралы айтып отыр. Ол полигонның жауған қары жоғары қарай шығады, төмен түседі. Ол 2 метрлік жерге сіңеді де қайтадан сол суды біздің халқымыз ішеді», - дейді қала тұрғыны Жаңыл Ошақбаева.
Иісі өткір улы қалдықтар ауыз судан бөлек енді ғана егілген жас көшеттері мен бау бақшаны қуратып тастаған. Ауамен тарайтын шаң-тозаң жайқалып өскен жасыл желектердің де түбіне жетіпті. Ашынған халық күн санап денсаулықтарының да сыр беріп жатқанын айтады.
«Бұрындары, мына жерде, қарақатымыз жемісіміздің бәрі өсетін. Енді, қазір түк жеміс алмаймыз. Бар гүлі түсіп қалады. Біз енді, ойлап жүрміз бұл не нәрсе деп. Жердің, өзі, шөптің өзі қарайған сияқты ма? Сондай!», дейді қала тұрғыны Айман Ошаманова.
Экологиялық апаттың сәл-ақ алдында тұрмыз деген тұрғындар, күлге арналған полигонның елді мекен аумағынан көшірілуін талап етеді. Себебі, жұрт үй жинап, далаға кір жаю дегенді ұмытқан. Қап-қара дауылды жел соққанда шаң-тозаңның астында қалады екен.
«Қиын боп кетті, осы жағдай. Кірді, қайта-қайта жуамыз. Мына жақтан қап-қара дауыл соғады. Түтін соғады ма? Кірді қап-қара қылдырып, түгін қалдырмайды. Үйімізді әдемі бірнәрсеге келтіріп, жинастырғымыз келеді. Түк болмайды. Дауыл соғады. Түтін қап-қара» - дейді қала тұрғыны Ләззат Оспанова.
Тереңдігі бірнеше метр болатын осы ұңғымаға жергілікті жылу мекемесі күнделікті көмір қалдықтарын әкеліп төгеді. Бұдан әкімдік те хабардар. Бірақ, атқамінерлер күл-қоқыстың экологиялық тұрғыдан мүлде зияны жоқ деп міз бағар емес. Сондықтан, жұрттың әбден шамына тиген полигонды көшіруге еш негіз жоқ екен. Тек жаңа көшеттер отырғызумен шектелмекші.
«Тұрғындардың экология департаментіне түскен өтініші бойынша, Департамент шлак төгетін аумақта зерттеулер өткізген. Яғни, инструменталды әдістермен зерттелген. Зерттеу барысында атмосфералық ауада, зиянды заттардың шектен аспағандығы анықталған», дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі, Құралай Дүйсембаева.
Жұрт, әлі күнге дейін орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған аудан халқына көмір қалдықтарының тигізетін зияны көп дейді. Ал, жергілікті бұқара тіршілік көзін тереңдігі екі метрлік құдықтан тасып ішеді екен. Енді, биліктен қайран болмаған соң, тұрғындар ауыз суды қолданар алдында қиыршық тастар мен өзге де қалдықтарды бөлек сүзіп алып, өлместің күнін кешуге мәжбүр.