Өмірде көп жағдайда ерік-жігері мықты, кәсіпкерлік ойлау мен коммуникациялық қабілеті бар адамдар табысқа жетеді.
фото: Пресс-служба Министерства науки и высшего образования РК
ERNUR.KZ. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек "өсетін баланы" анықтайтын тест жайында айтты, деп жазады sputnik.kz.
Министрлік жаңа форматтағы тестілеу жүйесін әзірлеуге кірісті. Оның қазіргі атауы – AIT (Admission Insight Test).
Саясат Нұрбектің айтуынша, осы тестің негізінде білім деңгейі ғана емес, адамның сыни ойлау қабілеті, цифрлық сауаттылығы, тіпті, көшбасшылық қасиеті де бағаланады.
"Ашығын айту керек, өмірде теориялық білім мен интеллект табысты болудың басты факторы емес. Көп жағдайда ерік-жігері мықты, кәсіпкерлік ойлау мен коммуникациялық қабілеті бар адамдар табысқа жиі жетеді. Сол себепті бізге талапкердің толық картинасын, былайша айтқанда, 360 градустық бағалауды жасаған маңызды. Сингапур мен Қытайда мұндай әдістемелер жиі қолданылады. Олар баланың қаншалықты алысқа бара алатынын бағалайды. Сингапурда "helicopter capability" деген сөз бар, яғни, адамның жоғары қарай көтерілу қабілетін бағалайды. Бізде "өсетін бала" дейді ғой. Соны алдын ала бағалайды", - деді Нұрбек үкіметте өткен брифингте.
2027 жылы жаңа тесті сынақтан өткізіп көреді. Оны ҰБТ-мен бірге тапсыруға мүмкіндік болады.
"Талапкерлер толығымен жаңа тестке көшпейінше ҰБТ қала береді", - деп атап өтті Нұрбек.


