"Сеть ұстамайды": Ауыл оқушылары онлайн оқудың азабын тартуда

0
1 800

Жаңа оқу жылы "онлайн" болады дегенді естігенде ата-аналардан маза кеткен.


Алматының дәл іргесіндегі Тұздыбастау ауылындағы мектеп оқушыларына онлайн оқу мұңға айналған. Өйткені ұялы байланыс нашар болғандықтан сабаққа қатысулары да қиындаған. Ал үйлеріне телефон тартып беруді сұраған жұртшылыққа мемлекеттік оператор ақша жоқ деп, телефон желісін тартудан бас тартыпты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.


"Айжарық" шағын ауданының кішкентай тұрғыны Аружан кешелі бері онлайн сабақ оқи алмай қиналғанын айтады. Байланыс қызметі нашар болғандықтан ұстаздары берген тапсырмсалары кешігіп келеді екен. Ал видео сабақтарды көру мүлде мүмкін емес деп мұңын шақты.


«Біздің ауылда мүлдем сеть ұстамайды. Осы ас үйде отырып оқимыз. Басқа бөлмелерде мүлдем сеть ұстамайды. Мысалы ватсап месенжеріне келген хабарламалар кешігіп келеді. Апайлардың жіберген тапсырмалары біраз минуттан кейін бірақ келеді. Сөйтіп тапсырмаларды кешігіп жібереміз. Уақытында дұрыс орындап бере алмаймыз», - дейді Айжарық шағын ауданының тұрғыны Аружан Серікқызы.


Жаңа оқу жылы "онлайн" болады дегенді естігенде ата-аналардан маза кеткен. Көмек сұрап бармаған жерлері жоқ. Аудандағы "Қазақтелеком" бөлімшесіне барып, телефон желісін тартып беруді сұрапты. Келген жауапты естігенде естеріне танып қала жаздаған.


«Маған телекомның несі Талдықорғанда екен. Сол жақтан звондады сіздерге отказ келді, 20 миллион 800 мың ақша кетеді екен. Біздің фондымызда ақшамыз жоқ. Сіздерге отказ келді деді»
, - дейді Айжарық шағын ауданының тұрғыны Бақытгүл Қалибаева.


Елдімекенде өркениттің қарапайым жетістіктерінің өзі тапшы. Бар ауырпалықты жергілікті билік тұрғындардың мойнына артып қойды деп ашынуда. Ауыз су, электр желісі, жол барлығын жұрт өз есебінен жүргізуде.


«Су кіргізу үшін 250 мың, газ кіргізу үшін 350 мың, свет нету үшін тағы 250 мың, сонда қалай біз, халықтың бірі кредитке кіріп кетті. Сол су мен газды кіргізу үшін кредитке кіріп кетті. Сол үшін асылып өліп жатқан адам қаншама сол кредитті төлей алмай»,- дейді Айжарық шағын ауданының тұрғыны Рахия Әуелбекова.


Көшелерге асфальт төсеу деген мұнда орындалмайтын арманмен тең. Көктем-кұзде балшыққа батататын түрғындар көшені жөндеудің қамына өздері кіріскен.


Белуардан батпақ кешіп әбден мезі болған тұрғындар әр отбасынан 20 мың теңгеден ақша жинап, көшелеріне мынандай тас түсірген. Енді оны жаймалау үшін тағы әр отбасынан ақша жинауына тура келеді.

Көшеледе атау атымен жоқ. Бас ауырып, балтыр сыздағанда жедел жәрдем шақырту үшін нақты мекен-жайларын айтып түсіндіре алмай қиналады екен. Ол аздай жер телімдері жөнді бөлінбегендіктен көршілер арасында талас туындап, бір көшені бір азамат қоршап алыпты.

Жергілікті әкімдік мән-жайдан хабардар екенін жеткізді. Ұялы байланыс қызметі бір айдың көлемінде шешіліп қалада деп сендірді. Ауданда оннан астам елді мекен мен 130 жуық саяжайда ұялы байланыс нашар екен. Оларды бір мезетте шешу мүмкін емес деп отыр.


Айжарық шағын ауданындағы интернет проблемасы белгілі. Жаңа микроройон болғандықтан ол жерде телефон байланысы жақсы ұстамайды. Ол бойынша Тұздыбастау әкімдігі айналысып жатыр. Осы қыркүйек айының соңына дейін вышкасын орнатады. Одан кейін и нтернет, связ барлығы жақсы болады», - дейді Талғар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жанкелді Өмірәлиев.


Елдімекен құрылғанына оншақты жылдың жүзі болғанымен әлі Талғар ауданының бас жоспарына енбепті. Жыл соңына дейін енгізіп, одан кейін аудан бюджетінен қаржы қарастыру көзделіпті. Егер жоспарға енбей қалса тағы қанша уақын күтетіні белгісіз.