Шетелде жоғалған азаматтарды іздеу жұмысына мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес ұйымдар да тартылады.
ERNUR.KZ. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі табыс табу мақсатымен шетелде құлдыққа түскен қазақстандықтар туралы пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Оңтүстік-Шығыс Азияда біздің екі азаматымыз еңбек құлдығына тап болған. Олар өткен жылы желтоқсанның соңында Таиландтағы елшілік арқылы байланысқа шықты. Жоғалған азаматтардың ата-анасы бізге хабарласып көмек сұрады. Бұл алғаш жағдай емес. Бірнеше ай бұрын тағы бір азаматымыз осындай жағдайға тап болған еді. Біз оның елден шығуына көмектестік», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Үкімет үйінде тілшілердің сауалына жауап бере тұрып.
Оның айтуынша, шетелде жоғалған азаматтарды іздеу жұмысына мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес ұйымдар да тартылады.
«Онда тек Қазақстан емес, басқа елдердің де азаматтары бар. Сондықтан мәселені кешенді түрде шешу қажет. Екі азамат бойынша мәселе Таиландтағы елшіліктің бақылауында. Олар былтыр консулға хабарласқан. Алайда қазір жоғалған екі азаматтан хабар жоқ, мәселе оң шешімін табады деп ойлаймын. Осы орайда шетелге табыс іздеп баратын азаматтарды барынша абай болуға шақырамыз. Жұмысқа бармас бұрын келісімшартпен мұқият танысқан абзал. Бұл - азаматтардың жеке жауапкершілігі», - дейді ол.