Еңбек иммиграциясы бағыты бойынша биыл шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 19 мың бірлік көлемінде белгіленді, оның ішінде 14 мың шетелдік қызметкерді заңды тұлғалар нақты жұмысқа тартқан.
ERNUR.KZ. Еңбек мигранттарының негізгі шыққан елдері мыналар: Қытай – 5 330 адам, Өзбекстан – 2 682 адам, Түркия – 1 046 адам. Экономикалық қызмет түрлері бойынша шетелдік жұмыскерлердің басым бөлігі келесі салаларда еңбек етеді: құрылыс – 4 929 адам, ауыл шаруашылығы – 3 140 адам, тау-кен өндіру өнеркәсібі – 1 240 адам. Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның мәлімдеуінше, үй шаруашылықтарына шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы жалпы жұмыс күшінің 2,9%-ы деңгейінде немесе 290 мың бірлік көлемінде белгіленген. 2025 жылғы 1 қазанға дейін бұл санаттағы еңбек қызметін 132 мың адам: Өзбекстаннан – 124 мың, Тәжікстаннан – 7 мың, Әзербайжаннан – 1,2 мың адам жүзеге асыруда.
Аскарбек Ертаев еңбек көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы да баяндады.
«Біріншіден, маусымдық шетелдік жұмыскерлерге арналған кәсіптер тізбесі 6-дан 10-ға дейін кеңейтіледі. Екіншіден, әрбір лауазым бойынша бір бірліктен аспайтын заңды тұлғаларды тарта алатын бірінші басшылар мен олардың орынбасарлар саны шектеледі. Шетелдік тәлімгерлерге қойылатын талаптарды кеңейту және қазақстандық жұмыскерлерді даярлау сапасын арттыру мақсатында тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізілуде», – деді вице-министр.
Алдағы уақытта шетелдік жұмыс күшін және еңбек иммигранттарын тарту тетіктерін қайта қарау, сондай-ақ ШЖК квоталау рәсімдерін жетілдіру жоспарлануда.
Сондай-ақ Аскарбек Ертаев тарихи отанына қоныс аударатын этникалық қазақтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 159,1 мың этникалық қазақ көшіп келген. 2025 жылы тарихи отанына 11 мың этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алды. 2025 жылғы 1 қазанға дейінгі дерек бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 6 431 адамды, кәмелетке толмағандар – 3 600 адамды, зейнеткерлер – 974 адамды құрайды.
Этникалық қазақтардың қоныстандыру аймақтарына көшуінде оң динамика байқалады. Қандастардың бейімделу тиімділігін арттыру және өмір сүру жағдайларын жақсарту мақсатында келесі шаралар жүзеге асырылуда: қандас мәртебесін ұзарту тәртібі жеңілдетілді, өңірлерде қандастарды жұмыспен қамту және бейімдеу жөніндегі бағдарламалар бекітілді.
Сонымен қатар Қазақстанға келу, тұру және интеграциялау рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған «Ата жолы» картасының иелерін ынталандыру шаралары әзірленіп жатыр.

 
                        

 
                         
                    









 
                     
                     
                     
                     
                    
