Құны 6 миллион теңгелік жоба «Ауылым - алтын бесігім» деп аталады.
иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы Қарасу ауылында демалыс саябағы іске қосылды, деп жазады 24.kz.
Әлеуметтік нысанды «Туған жер» бағдарламасы аясында ауыл мектебін осыдан 40 жыл бұрын бітірген түлектер салып берген. Құны 6 миллион теңгелік жоба «Ауылым - алтын бесігім» деп аталады. Жалпы жыл басынан бері ауданда 40 миллион теңгеден асатын жобалар жүзеге асыпты. Олардың ішінде ауылдардың жолын жөндеп, жарықтандыру сияқты игі істер де бар.
Қарасулықтар осылай әрбір күнін көңілді өткізеді. Дала сахнасында ел ішінен шыққан өнерпаз жандар халық әндерін шырқап, тұрғындар қошеметіне бөленеді. Жаңа саябақты осыдан 40 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер тұрғызыпты. Бұрын шаңы шығып жататын бұл аумақ енді мәдени сауықтыру кешеніне айналған.
"Биылғы жылы 30 жылдық бітіргендер үлкен арка жасағалы жатыр. Ол да жақсы, былтыр алтыбақан жасап кетті азаматтар. Бұл біздің ауылға дәстүр болып кетті. Себебі бұл жалғаса берсе, біздің ауылымыз көркейсе, ауылға келмейтін, туған жерін сағынбайтын азамат жоқ. Туған жерге келгенде бір марқайып, топырағына аунап бір жақсы көңіл-күймен қайтуға болады. Мынаның ішін біз толықтырамыз деп ойлаймын. Ары қарай жұмыс көп. Аманшылық болса, осы сыныптастар басымызды біріктіріп, ақылдасамыз деп шешкенбіз. Ары қарай жалғасын таба береді" - дейді жобаны ұйымдастырушы Бақытжан Қажыкенов.
Аумағы 1600 шаршы метр болатын саябақта сахнадан басқа Тәуелсіздік монументі мен балалар ойын алаңы бар. Алдағы уақытта спорттық жаттығу алаңын орналастыру жоспарланып отыр.
"Осының барлығы бір адамдай жұмыла кірісіп, осы саябақты біздің жас ұрпаққа ертеңгі күні тәлім тәрбие алатындай үлкен еңбек етті. Бар күш-жігерін салып ұйымдастырған 40 жылдық кездесуге келген түлектердің барлығына рахметімді айтамын!" - дейді Оралбек Мүсілімов, еңбек ардагері.
Жақсылық ары қарай жалғасын тауып, ауылымыз бұдан әрі көркейе берсін! Тарбағатай ауданының басқа да ауылдарында мұндай жобалар жетерлік. Олардың әрқайсысынан өз елдеріне деген іңкәрлік, шынайы сүйіспеншілік айқын сезіліп тұр.
«Туған жер» бағдарламасы аясында жыл басынан бері аудан көлемінде 40 миллион теңгеден астам жобалар жүзеге асырылған. Ауылдар ажарланып, жаңа нысандар көрік бере бастады. Ал осы өңірден түлеп ұшқан белді кәсіпкерлер жыл соңына дейін бірнеше елдімекендердегі көшелерді жөндеп, жаңадан саябақтар салуды жоспарлап отыр.