Швейцария президенті Цюрих-Нұр-Сұлтан әуе рейсін ашуды ұсынды

0
815

Бүгін Ақордада Швейцария Конфедерация президенті – қаржы министрі Ули Маурер мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кездесті.


Швейцария президенті Цюрих-Нұр-Сұлтан әуе рейсін ашуды ұсынды

ERNUR.KZ. Швейцария президенті Ули Маурер болашақта Қазақстанмен үш компоненттен тұратын ынтымақтастықты көздейтінін айтты. Енді Швейцария тек тауар айналымына мән бермей, білім, мәдени алмасуды да көздейді, деп жазады baq.kz.

Мен өзімді үйде жүргендей сезінемін. Бүгін таңертең біз Швейцария мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынасты талқыладық. Бұл қатынас бірнеше жылдан бері саяси, экономикалық тұрғыдан жалғасып келеді. Қазақстанда швейцариялық 40-тан астам компания жұмыс істейді. Сондықтан біздің қатынасымыз Дүниежүзілік банк және мемлекет аясында жақсы дамып келеді. Өте достық, ашық, шынайы қатынасымыз бар. Болашақтағы ынтымақтастық туралы айтатын болсам, екі пункті атап өтер едім. Біріншіден, халықаралық деңгейеде болады. Швейцария бейтарап ел екенін білесіздер. БҰҰ Женевада және басқа да халықаралық ұйымдарда Швейцарияда орналасқан. Біз гуманитарлық ынтымақтастықты дамытып жатырмыз. Қазақстан Азия мен Еуропа аралығында орналасқандықтан, «Бір белдеу, бір жол» аясында көпір болып тұр. Бұл функция бұдан әрі маңызды болады. Швейцариямен ұқсастығы бар. Қазақстан аймақтық және халықаралық ынтымақтастықта өзінің «көпір» ретіндегі рөлін ұлғайтады, - деді Ули Маурер.
Осы орайда Швейцария Конфедерация басшысы болашақта екіжақты байланыстың үш компонентін көздейтінін атап, Цюрих пен Нұр-Сұлтан арасында тікелей әуе рейсін ашуды ұсынды.
Біз халықаралық платформада Қазақстанға қолдау көрсетеміз. Мен Қазақстан мен Швейцария сияқты тәуелсіздігі бар кішкентай елдер динамикалық дамып жатқан әлемдегі түрлі шараларда маңызды рөл атқару керек деп есептеймін. Бұл үшін Қазақстанға табыс тілеймін. Осындай рөл атқара отырып, біз маңызды ынтымақтастықты тереңдетеміз. Екіжақты дамудың болашағына келетін болсам, менімен бірге ірі бизнес держава келді. Біз үш компоненттен құралған ынтымақтастықты көздейміз. Тек тауар айналымын дамытып қоймай, өзара білім, тәжірибе саласындағы алмасуды көздейміз. Қазақстанда жас, тұрақты дамып келе жатқан халық бар. Бізде халық жасы ұлғайып келеді. Осындай айырмашылығымыз бар. Сосын алмасудың үшінші пункті – мәдени алмасу. Біз серіктесіміздің қалай өмір сүретінін, ойын білсек, бұл экономикалық байланысқа ықпал етеді. Мысал ретінде, Цюрих пен Нұр-Сұлтан арасында тікелей әуе рейсін ашуды ұсындық. Швейцариялық компаниялар Қазақстанда өздерін жақсы сезінеді. Екі елдің игілігі үшін бірлесе жұмыс істеу – мақсатымыз. Өзімнің сапарым өте сәтті өтті, бұдан әрі өзара ынтымақтастық үшін қуаныштымын. Біз серіктес болғанымызға қуаныштымын. Бар жақсылықты тілеймін, - деген ізгі тілекпен аяқтады Ули Маурер.
Ақордада Швейцария Конфедерация президенті Ули Маурер мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты келіссөздерден кейін баспасөз алдында мәлімдеме жасады.


Айта кетсек, бүгін Ақордада Швейцария Конфедерация президенті – қаржы министрі Ули Маурер мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кездесті.