​БАЛАҒА ҮЙРЕТІҢІЗ: Бейтаныс ересек адамның қандай өтінішін орындамау керек?

0
682

Кибербуллингтен қорғау және интернетте "із" қалдырмау жолдары


​БАЛАҒА ҮЙРЕТІҢІЗ: Бейтаныс ересек адамның қандай өтінішін орындамау керек?

Сурет: ЖИ

Бүгінде балалар уақыттың басым бөлігін телефонда, ғаламторда өткізеді. Онлайн ойын ойнайды, түрлі чаттарда сөйлеседі, әлеуметтік желіде отырады. Қазіргі таңда ата-аналарды ең қатты алаңдататын мәселе – желінің ар жағында теріс ниетті ересек адамның жасырынуы.

Алаяқтар мен қаскөйлер баламен бірден дөрекі сөйлеспейді. Олар әуелі қарапайым сұрақтар қойып, қолдау көрсеткендей сыңай танытып, баланың сеніміне кіреді. Нәтижесінде арада тығыз эмоционалдық байланыс орнап, бала ата-анасының емес, соның айтқанына құлақ асып, сөзін екі етпейтін болады. Немесе қандай да бір қақпанына түсіп, тәуелділікке ұшырайды.

Балаларға «Желі арқылы ешкіммен таныспа, сөйлеспе!» деп тыйым салу ойға қонымсыз. Олар бәрібір соны істейді. Қолдан келетін нәрсе – қауіпсіздік қадамдарын үйрету. Желі арқылы танысқан бейтаныс жанның қандай өтініштері баланы бірден сескендіруі тиіс?


КИБЕРБУЛЛИНГ және ЭМОЦИОНАЛДЫҚ МАНИПУЛЯЦИЯ

Алаяқтар мен қаскөйлер көбінесе балалардың осал тұсын, мысалы, психологиялық жағдайын, құрдастарымен қарым-қатынасын аңдып жүреді. Көбіне: «Сен өте ерекшесің, айналаңдағылар сені түсінбейді, тек мен ғана сені түсінемін» деп мақтау сөз айтып, баланың сеніміне тез кіреді. Бұл оны отбасынан және достарынан оқшаулаудың классикалық тәсілі.

Егер бейтаныс адам біраз сөйлескеннен кейін баланы жеке фотосын немесе видеосын жіберуге көндіріп, кейін сол арқылы «басқаларға таратып жіберемін» деп қорқытса, бұл қауіптің ең жоғарғы шегі. Кез келген қысым мен бопсалау туралы бірден ата-анаға айту – оны тоқтатудың жалғыз жолы.


ИНТЕРНЕТТЕГІ «ІЗІМІЗДІ» ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ?

Балалар кейде ойланбастан өздері туралы көп ақпаратты жұрт көзіне жариялап қояды. Бұл алаяқтарға оңай олжа болуы мүмкін. Сондықтан мына қарапайым ережелерді әдетке айналдыру маңызды.

        • Жеке парақшаны жабық ұстау. Instagram, TikTok немесе Telegram желілеріндегі профиль міндетті түрде «Жабық» (Private) режимде болуы тиіс. Оны тек шынайы танитын достар ғана көре алуы керек.
        • Бейтаныстарды қабылдамау. Интернеттегі танымайтын адамдардың достық туралы өтініштерін қабылдауға және чатқа кіруге қатаң тыйым салу қажет.
        • Геолокацияны сөндіру. Түскен суреттерді немесе видеоларды жүктегенде қайда жүргеніңді көрсететін геолокация мен орын белгілерін әрқашан өшіріп қою қажет.


Ең басты қауіп белгісі – СЫР САҚТАУДЫ СҰРАУ

Егер баланың сөйлескен адамы: «Мұны ешкімге айтпа. Ата-анаң білмесін» деген сынды өтініш айта бастаса, сол сәтте әңгімені доғару керек. Мамандардың айтуынша, баланы арбау мен манипуляция дәл осы сөзден басталады. Біреу арадағы әңгімені жасырын ұстауға тырысса, оның артында еш жақсылық жоқ деген сөз. Шын ниеті түзу адам әңгімені жақындарынан жасыруды ешқашан сұрамайды. «Құпия» деген сөз – баланы ата-анасының қорғанынан оқшаулаудың ең оңай құралы.


ҚҰЖАТТАРДЫ СҰРАУ

Ең қауіпті белгілердің бірі – жеке куәлік, туу туралы куәлік, банк картасы немесе ата-анасының құжаттарын суретке түсіріп жіберуді өтіну. Бұл жай ғана өтініш емес, алаяқтардың тура өзі. Бала «Бұл не үшін керек?» деп бас қатырмауы мүмкін. Мұның қаупін ата-ана алдын-ала түсіндірмеген болса, «Онда тұрған не бар?» деп жібере салуы ықтимал. Кез келген құжатты сұраған адамға бірден күмәнмен қарау керегін үйрету міндетті.


ОҢАЙ ТАБЫС пен АҚШАҒА қатысты ұсыныстар

Қазір балаларды алдаудың тағы бір кең таралған тәсілі – жеңіл ақша табуды ұсыну. «Лайк бас», «ақша қабылдап, басқа шотқа аудар», «картаңды уақытша бере тұр», «сәлемдемені алып бер» немесе «аккаунтыңды жалға бер» деген секілді ұсыныстардың артында үлкен қылмыстық схемалар тұрады. Алаяқтар баланың аңғалдығын пайдаланып, оны өздерінің заңсыз істеріне, дропперлікке байқаусызда араластырып жібереді.


МЕКЕНЖАЙ, МЕКТЕП, ГЕОЛОКАЦИЯ және ФОТО

Тұрғылықты мекенжайын, оқитын мектебін сұрау, геолокация жіберуді, фотоға түсуді немесе бейнекамераны қосуды өтіну де аса қауіпті. Тіпті әңгімелесуші мұны «қызықты ойын», «байқау» немесе «тексеріс» деп түсіндірсе де, бала мұндай «квестке» қатыспауы керек.

Сонымен қатар, телефонға келген СМС-кодтар мен мессенджердегі құпиясөздерді ешкімге айтуға болмайтынын баланың санасына сіңіру қажет. Тіпті ол адам өзін банк қызметкерімін, техникалық қолдау орталығынанмын немесе «анаңның досымын» деп таныстырса да, сенбеу керек.


Әдемі суреттің артында КЕЗ КЕЛГЕН АДАМ отыруы мүмкін

Балалар көбіне профиль суретінде сүйкімді қыз, өзімен жасты бала немесе көңілді мультфильм кейіпкері тұрса, ар жағында да сондай адам отыр деп ойлайды. Алайда суреттің артында кім жасырынғанын ешкім біле алмайды. Сондықтан бала мына қарапайым ережені есте ұстауы тиіс: адамды суретіне қарап емес, әрекеті мен өтінішіне қарап бағалау керек.


КҮДІКТІ ӨТІНІШ айтылса, не істеу керек?

Мұндай жағдайда әрекет ету тәртібі өте қарапайым:

        • Әңгімені сол мезетте тоқтату;
        • Хат алмасуды өшірмеу;
        • Барлығын ата-анаға көрсету;
        • Ол адамды бұғаттап тастау.

Хаттарды өшірмеу өте маңызды. Себебі жағдай ушығып, полицияға немесе заңгерге жүгінуге тура келсе, бұл хаттар басты дәлел болады. Ал бұғаттау алаяқтың әрі қарай қысым жасауына тосқауыл қояды.


АТА-АНАЛАРҒА ЕСКЕРТУ

Бұл жерде ең үлкен жауапкершілік ата-ананың мойнында. Үлкендер жіберетін ең басты қателік – қателігін айтуға қорқатын орта қалыптастыру. Бала тіпті бейтаныс адамға жауап беріп қойса да, сеніп қалса да немесе бірдеңе жіберіп қойса да, ата-анасының ұрыспайтынын алдын ала білуі керек. Егер ашуыңыздан қорықса, болған жайтты жасырып қалады. Ал алаяқтарға керегі де дәл осы.

Көптеген ата-ана «Бұл тақырыпты балаға қалай дұрыс жеткіземін?» деп ойланады. Ең дұрысы ұрыспай, жай ғана ашық сөйлесу. Мысалы, арадағы әңгімені мынандай шынайы диалогтан бастауға болады:

«Интернетте әртүрлі адамдар отырады. Егер біреу саған кешкілік хат жазып, «бұл туралы ешкімге, әсіресе ата-анаңа айтпа» десе, бұл оның бізден бір нәрсені жасырғысы келетінін білдіреді. Ал біздің үйдегі ең басты ереже – қандай жағдай болмасын, бір-бірімізден ештеңе жасырмаймыз. Егер біреу сені қынжылтса немесе күдікті бірдеңе сұраса, бізге бірден айт. Бұл үшін саған ұрыспаймы, тек бірге шешім табамыз».

Мұндай жылы әрі ашық диалог баланы жат көзден де, қателік жасаудан да қорғайтын ең мықты қалқан.


Балаға жаттату керек 3 АЛТЫН ЕРЕЖЕ

Интернеттегі қауіпсіздікті әрқашан есте сақтау үшін мына үш қарапайым ережені балаңызбен бірге қайталап жүріңіз.

1. Құпия сақтауды сұраса, тоқтат!

2. Құжаттар мен жеке мәліметтерді ешқашан жіберме!

3. Қандай жағдай болмасын, ата-анаңа айт!

Есте сақтаңыз, баланың қауіпсіздігі тыйым салудан емес, сенімнен басталады. Бала қандай жағдай болмасын, әкесі мен анасы әрқашан өзін қорғайтынына және қолдайтынына нық сенімді болуы тиіс.

Дайындаған: Х. Орал,

ERNUR.KZ



ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ОСЫ 7 жағдайда АЛҒЫС АЙТУды ұмытпаңыз