Балабақша басшылығы болған жағдай туралы анасына хабарламаған.
ERNUR.KZ. Шымкенттегі балабақшалардың бірінде оқыс оқиға орын алды. Балабақшада 6 жасар Кәусардың үстіне шыны есік құлап кеткен. Салдарынан қыздың беті жарақаттаныпты. Оқиға бір ай бұрын, 27 қаңтарда орын алған. Алайда бұл туралы енді ғана белгілі болып отыр, деп жазады «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап Stan.kz.
Зардап шеккен қыздың анасының айтуынша, балабақша әкімшілігі материалдық өтемақы төлеуге ниетті емес. Кәмшат Әзімбаева тәрбиешілердің болған оқиғадан кейін қызын ауруханаға өздері алып барғанын айтады. Олар бұл жайт туралы анасына хабарламапты.
«Балабақша басшылығы емінің ақысын төлеп беретінін, жарасы терең болса, көмектесетінін айтты. Тіпті, бала күтуші тауып беретіндерін де айтқан еді. Сондықтан полицияға арызданбадым», – дейді зардап шеккен қыздың анасы.
Қалалық білім басқармасының бөлім меңгерушісі Перизат Бекетаеваның сөзінше, балабақша басшысы, тәрбиеші мен мейірбикеге тәртіптік шара қолданылды. Сонымен қатар, ведомстводан полицияға арыз түскені белгілі болды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаны тергеп жатыр. Балабақшаға ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін.
Зардап шеккен қыздың туыстары оның әлі күнге дейін басы ауырып жүргенін айтады. Кәусардың анасының сөзінше, қызының емі мен оңалуына миллион теңге қажет.