Алдын ала мәлімет бойынша, себеп – күкіртсутек пен метаннан улану.
Иллюстрациялық фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында кәріз сорғы станциясында жұмыс істеп жүрген екі жұмысшы қаза тапты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Қайғылы оқиға 22 сәуір күні сағат шамамен 15:00-де Саумалкөл ауылында «Айыртау-коммун-сервис» ЖШС кәсіпорнында болған. Кәріз сорғы станциясында жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде электрик пен слесарь көз жұмды.
Алдын ала мәліметке қарағанда, олар қауіпті газдардан, соның ішінде күкіртсутек пен метаннан уланған. 1978 және 1976 жылы туған екі жұмысшы да дәрігерлер келгенге дейін оқиға орнында қайтыс болған.
Бұл жағдайға Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
«Кәріз сорғы станциясында жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде мердігер ұйымның екі жұмысшысы қаза тапты. Еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады», – делінген хабарламада.
Оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.


