Ауру ошағы жаңадан табылған жағдайда ол жерде де вакцинация жүргізіледі.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауы табылған ошақтан 20 шақырым радиустағы үй құстарына вакцина егіледі, деп жазады ҚазАқпарат.
СҚО ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжановтың айтуынша, осы аумақтағы үй құстарының барлығына екпе жасалады.
Ауру ошағы жаңадан табылған жағдайда ол жерде де вакцинация жүргізіледі.
«Облыстың 11 ауданында үй құсы қырылды. Оның жетеуінде құс тұмауы расталды. Әзірге 11 елдімекенге карантин енгізілді. Тағы алты ауылды карантинге жабу мәселесі қаралып жатыр. Өңірде республикалық эпизоотиялық жасақ жұмыс істеуде. Дезинфекциялық бөгеттерді қоя бастады. Бүгін тұрғындардан өлген және ауырған құстарды алу жөнінде арнайы қаулы шығады. Содан кейін құстар алынып, жойылады. Құстардың көзін жою үшін қозғалмалы инсинератор келді», - дейді Берік Әлжанов.
Айта кетейік, бүгін орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаева бастаған бір топ маман құс тұмауына қатысты журналистердің сұрақтарына жауап берген еді.