Ұлының табылғанына қуанған Галина Болоташвили құқық қорғаушыларға алғысын жаудырып жатыр.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері жоғалып кеткен 30 жастағы жігітті Мәскеуден тауып алды, деп жазады ҚазАқпарат.
Құзырлы органның хабарлауынша, Мәмлүт ауданында үй ішімен ұрсысып қалған жас жігіт аяқ астынан жоқ болып кеткен. Аласұрып ұлын іздеген анасы полицияға жүгінген. Тергеуді бастаған полиция қызметкерлері 30 жастағы жігіттің Ресей шекарасына өтіп кеткенін анықтайды. Алайда, арада біршама уақыт өтсе де, өкпешіл ұл үй-ішіне хабарласпай қойған.
«Солтүстік Қазақстанның құқық қорғаушылары ресейлік әріптестерінен көмек сұрады. Сәуір айында тәртіп сақшылары оның Мәскеуде жүргенін анықтағанымен, туған-туыстарына бұл туралы хабарлауға ертерек еді. Қазақстандық жігіт Мәскеуде жұмысқа тұрып, туыстарына хабар беруге асықпаған көрінеді. Жерлес полиция қызметкерлерімен кездескеннен кейін ғана анасына қоңырау шалып, жағдайы жақсы екенін ескерткен», - делінген хабарламада.
Ұлының табылғанына қуанған Галина Болоташвили құқық қорғаушыларға алғысын жаудырып жатыр.
«Қылмыскерлерді немесе хабарсыз кеткендерді іздестіру - полицейлер жұмысының басты бағыттарының бірі. Әрбір осындай жағдайдың артында түрлі тағдырлар тұр. Құқық қорғаушылардың міндеті - осындай қиындыққа тап болған адамдарға көмектесу», - дейді СҚО ПД бастығы полиция генерал-майоры Берік Біләлов.