​ТҮНДЕ ТАМАҚ жегің келсе, жедел ҚҰТҚАРАТЫН 3 әдіс

0
429

Осы әрекеттер аштық сезімін бәсеңдетеді


​ТҮНДЕ ТАМАҚ жегің келсе, жедел ҚҰТҚАРАТЫН 3 әдіс

Сурет: ЖИ

Күні бойы шыдап, кешке тоңазытқыштың алдында өзіңді ұстай алмай қаласың. Бәрі ұйқыға жатқан, ал сенің аяғың асүйге қарай тартады. «Бір ғана бутерброд» деп бастап, бір қарасаң, печенье, қалған тамақ бәрін тауысып қойғансың...

Мұндай жағдай диета ұстайтын жандардың көбіне таныс. Сондықтан ұялудың, өзіңді жазғырудың қажеті жоқ. Ең бастысы, бұл мәселеге көну емес, күресу.


Шынын айтайық, өзіңді сөгуден пайда жоқ. Кешкі ашқарақтық ерік-жігердің әлсіздігі емес. Бұл шаршаған ми және гормондардың кесірі.

Күні бойы біршама шаруаны шештің, бірнеше келіспеушілікке тап болдың, тонна ақпаратты қорыттың. Кешке қарай шаршау мен күйзеліс жиналады. Ағза тез энергия талап етеді. Ең қолжетімді көз – тамақ.

Оған ұйқының қанбауын қосыңыз. Жеті сағаттан аз ұйықтасаң, аштық пен тоқтық гормондары шатасады. Қалыпты тамақтансаң да, өзіңді қатты аш сезінесің. Төрт сағат қана ұйықтаған түннен соң аштық гормонының деңгейі 28%-ға артатыны зерттеулермен дәлелденген.

Соңғы себеп – әдет. Түнге қарай тәттімен шай, шөлбасар мен тіскебасар немесе тамақ ішу рәсімге айналады. Ми осы байланысты есте сақтайды да, аш болмасаң да, автоматты түрде қайталауға шақырады.

Сондықтан өзіңді кінәлама. Ағзаң осындай тәсілмен сенен қолдау күтеді. Ал сенің міндетің – оған басқа тірек тауып беру.


Жедел әсер ететін 3 жаттығу

1-жаттығу. Тамақты күлкіге алмастыр

Аштықтан емес, зерігуден тамаққа тәбетің ашылып бара жатқанда, асүйге жүгірмей, бірден кідір. Смартфонды қолға алып, қысқа күлкілі видеолар, комедия жанрындағы фильм көр. Әзілкештер кешін тамашала. Әйтеуір, амалын тауып өзіңді 5-10 минут болса да күлдір.

Күлкі кортизол деңгейін төмендетіп, эндорфинді көтереді. Ми рахат дозасын алады, бірақ калориясыз. Мұны «дофаминдік алмастыру» деп атайды.

Күлкі келмесе, жасанды күлкінің өзі әсер етеді. Бірер минуттан соң ол шынайы күлкіге айналады.


2-жаттығу. Ішпен тыныс ал

Ыңғайлы отырып , қолыңды ішіңе қой. Баяу 4-ке дейін санап, ішіңді толтыра дем ал. Ауаны кеудеге емес, ішке қарай жібер. Тағы 4 секундтай тынысты ұстап тұр. Сосын қарынды ішке қарай тарта отырып, 6–8 санағанша демді ауызбен баяу шығар. 10 рет қайтала.

Бұл жаттығу парасимпатикалық жүйке жүйесін, яғни демалыс пен асқорытуға жауап беретін жүйені іске қосады. Кортизол деңгейі түседі, күйзелісті тамақпен басу қажеттілігі өздігінен азаяды. Екіншіден, ойың тыныс алу мен шығаруға, санауға қарай ауады. Нәтижесінде тамақ туралы алдамшы ойдан арыласың.


3-жаттығу. Асқазанды жылумен алда

Шөп шай демде. Түймедақ, жалбыз, жөке немесе кофеинсіз кез келген басқа сусын. Лимон қосылған жылы су дайындауға да болады. Қант, бал, тосап мүлде қоспа.

Осы сусынды тыныштықта, жұмсақ жарықта отырып асықпай іш. Телефон да, сериал да, лента ақтарып отыру да болмасын. Жылуға, дәмге, сұйықтықтың асқазанға түсіп жатқан сезіміне зейін қойып, баяу, кішкене ұрттаммен іш.

Жылы сұйықтық асқазанды физикалық түрде толтырып, аштық сезімін бәсеңдетеді. Созылу механорецепторлары іске қосылады. Екіншіден, «отыру, дем шығару, бір кесе ішу» сияқты рәсімнің өзі тыныштық зәкірі сияқты әсер етеді. Бұл ағзаға «қауіп өтті, босаңсуға болады, тамақ іздеудің қажеті жоқ» дегендей сигнал береді.

Бір кесе шайдан кейін 15 минут өткенде әлі де аш болсаң, жеңіл әрі ақуызды бірдеңе жеуге рұқсат. Бір тілім ірімшік, піскен жұмыртқа немесе бір қасық сүзбемен шектел. Бірақ алдымен шайға мүмкіндік бер.


Жоғарыдағы жаттығулар – жедел жәрдем. Бірақ күнделікті құтқармауы мүмкін. Түнгі тәбет ұзақ уақыт бойы мазаламауы үшін күндіз не істеу керек?

Тойымды таңғы ас іш. Печенье мен кофе емес, ақуызы мен майы бар толыққанды таңғы ас. Жұмыртқа, сүзбе, ірімшік, авокадо, жаңғақ пасталары. Мұндай таңғы ас түске дейін қандағы қант деңгейін бірқалыпты ұстайды. Құбылу болмаса, кешке мида үрей де болмайды.

Түскі асты экрансыз іш. Монитор алдында тамақтанғанда, ми тойғанын білмейді. Екі есе көп жеп қойсаң да, өзіңді аш сезінуің мүмкін. Сондықтан түскі асқа арнаған 15 минутта тек алдыңдағы тамақ туралы ойла. Бұл кешкі артық тамақтанудың алдын алу ретінде жұмыс істейді.

«Ақуыз + жасұнық» формуласымен кешкі ас. Балық, тауық, күркетауық, тофу – не дайындасаң да, үйіп көкөніс қос. Бұқтырылған кәді, салат, брокколи, түсті қырыққабат. Кешке картоп, ақ күріш пен макароннан аулақ бол.

23:00-ге дейін ұйықта. Аптасына кемінде бірнеше рет. Ұйқының қанбауы – түнгі ашқарақтықтың ең жақын досы. Қалыпты ұйқының бір күнінің өзі грелин деңгейін 15%-ға төмендетеді. Аштықты обьективті түрде азырақ сезінесің.

Көзге түсетін зиянды тағамдарды алып таста. Өзінен-өзі ауызға сұранып тұратын чипсы, печенье, кәмпиттерді мүлде сатып алмаған дұрыс. Шкафта жоқ болса, жемейсің. Өзіңе адал бол. Алдыңда тұрса, тоқтауың қиын екенін білсең, өзіңді арандатпа.

Эмоционалды аштық пен физикалық аштықты ажырата біл. Физикалық аштық біртіндеп күшейеді, оған шыдауға болады. Эмоционалды аштық кенеттен пайда болады, «Дәл қазір, дәл осындай бірдеңе» деген нақты қалаумен келеді. Және ол асқазан асқа толып тұрса да, басылмайды.


Не істемеген жөн?

Өзіңді аштықпен жазалама. «Бүгін түнде тамақ жеп қойдым, ертең күні бойы аш жүремін» - осылай істесең, кешке қарай қайтадан шыдай алмай қаласың. Ағза шектеуді есте сақтайды да, екі есе күшпен қайтарады.

Келесі күні таңертең таразыға түспе. Салмақ су мен тұздың әсерінен құбылады. Қосылған бір келіні көресің де, көңілің түсіп, тамаққа қайтадан тәуелді боласың.

«Дүйсенбіден бастаймын» деп уәде берме. Дүйсенбі – ешқашан келмейтін күн. Ниет туған шақта аптаның қай күні болса да, бүгін баста. Бір жаттығудан. Печеньенің орнына бір кесе судан.

Сен өзіңмен күресіп жатқан жоқсың. Сен жалқау да, ерік-жігерсіз де, қолынан ештеңе келмейтін жан да емессің. Ағзаң созылмалы күйзеліс пен шаршау жағдайында аман қалуға тырысып жүр. Ал сенің міндетің – оған көмектесу.

Дайындаған: Т. СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

БОКСпен айналысу ӘЙЕЛдің өзіне СЕНІМДІЛІГІН арттырады

СУРЕТТЕГІ АС БӨЛМЕДЕН НЕНІ ӨЗГЕРТЕР ЕДІҢІЗ?

ЖАЗЫЛМАЙТЫН ДЕРТ: Әлемде ең көп таралған 7 түрі