Ұзақ мерзімді пайызсыз несие ұсыну керектігін алға тартты.
Салтанат Тұрсынбекова Ақтауда Yessenov университетінің оқытушыларымен, студенттерімен және түлектерімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова Ақтауда Yessenov университетінің оқытушыларымен, студенттерімен және түлектерімен кездесті. Кездесуде студенттер өз мәселелерімен бөлісіп, жиынға қатысушылардың бірі ауыл оқушыларын қолдау шараларына қатысты ойын айтты.
«Барды бар деу керек, мәселені жоққа шығаруға болмайды. Жастар ауылдан кетіп жатыр, қаламен салыстырғанда, ауылдық жерде көп балалы отбасылар көп, жұмыс жоқ. Сондықтан жастар үнемі мүмкіндіктерді іздеп, басқа үлкен қалаларға кетіп қалып жатады. Осы уақытқа дейін біраз аймақты араладым және тез арада назар аударуды қажет ететін аталған мәселелердің барлығын көріп, естіп отырмын. Грантпен қоса, ауылдық жерлерде де жақсы өмір сүруге жағдай жасау керек, балаларымыз мәжбүрліктен емес, өз қалауымен ауылда қалуы керек», - деді ол.
Ал, Салтанат Тұрсынбекова ауылдарда ең бірінші нені өзгерткісі келетінін айтты. Мәселен, ауыл тұрғындары үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін 100 пайыз қамтамасыз ету, ауылдық жердегі фельдшерлерді көлікпен қамту, ауылда білім алған талапкерлер мен студенттерді қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу аса маңызды.
Кандидат жастарды құқықтық және әлеуметтік қолдау шараларына да тоқталды. Өз кезегінде, Тұрсынбекова жұмыс берушілерге колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру үшін субсидиялар беруді, жастарды жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын құруды, жастар бизнесін дамытуға салықтық жеңілдіктер беруді, өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарға атаулы көмек көрсету үлгілерін әзірлеуді, жеңілдіктер беруді ұсынады.
Сонымен қатар, жас отбасыларға ипотекалық несие алу кезінде субсидиялар беру, тұрғын үй және білім алу үшін бағдарламалы ұзақ мерзімді пайызсыз несие ұсыну керектігін алға тартты.