Шымкентте шала туған сәбилерге арналған ерекше мереке ұйымдастырылды

0
141

Шымкент қаласында жыл сайын орта есеппен 1700-1800 сәби мерзімінен бұрын дүниеге келеді.


Шымкентте шала туған сәбилерге арналған ерекше мереке ұйымдастырылды

17 қараша – Дүниежүзілік шала туған нәрестелер күніне орай Шымкент қаласындағы перзентханаларда ерекше мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Шараның басты мақсаты – өмірге ерте келген сәбилердің әрбір жетістігін атап өту, олардың ата-аналарына қолдау білдіру және кішкентай батырлардың өмірге деген талпынысын дәріптеу.
Мерекелік кездесуге 200-ге жуық ата-ана қатысты. Олардың қатарында үшемдер мен егіздер, сондай-ақ жүктіліктің 24-27 аптасында, салмағы небәрі 650 грамм болып дүниеге келген сәбилер де бар.
Іс-шара барысында ақ халатты абзал жандар ата-аналармен жүздесіп, сәбилердің бүгінгі жетістіктеріне ортақ қуанышқа бөленді. Салмағы төмен болып дүниеге келген кішкентай батырларға арнайы марапат қағаздары мен естелік сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар сәбилер мен олардың ата-аналарына арнап мерекелік дастархан жайылып, балалардың көңілін көтеру үшін аниматорлар шақырылды. Түрлі ойындар мен қызықты бағдарламалар ұйымдастырылып, мерекелік көңіл күй сыйланды. Жылы жүздесу, ақжарма тілектер мен шаттыққа толы сәттер ата-аналарға ерекше әсер қалдырды.
Мамандардың айтуынша, шала туған нәрестелер ерекше медициналық күтім мен тұрақты бақылауды қажет етеді. Сәбилердің денсаулығы тұрақтанып, салмағы қажетті деңгейге жеткенше орта есеппен 60-120 күнге дейін дәрігерлердің бақылауында болады.
Айта кетейік, Шымкент қаласында жыл сайын орта есеппен 1700-1800 сәби мерзімінен бұрын дүниеге келеді.
Бөлісу