Күдікті Алматы қаласында ұсталып, қамауға алынды.
ERNUR.KZ. Жетісу полициясы 53 жастағы әйелді зорлаған күдіктіні ұстады, деп жазады ҚазАқпарат.
Жетісу полицейлері Талдықорған қаласындағы қонақ үйлердің бірінің 53 жастағы қызметкерін зорлады деген күдікпен іздеуде жүрген, бұрын сотталған ер адамды ұстады.
Күдікті Алматы қаласында ұсталып, қамауға алынды. Жәбірленушінің арызы 28 қазан күні қалалық полицияға келіп түскен.
Белгілі болғандай, жергілікті қонақ үйде жұмыс істейтін 53 жастағы әйелді қонақ үй бөлмесінің бірінде тұрған белгісіз адам зорлап кеткен.
Оқиға орнынан қашып кеткен еркек - 35 жастағы Алакөл ауданының тұрғыны болып шықты.
Полиция қызметкерлері ер адамның жеке басын қонақ үйде орнатылған бейнебақылау камералары арқылы анықтады.
"Күдікті бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеген. Жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы қаласының аумағында жасырынып, іздеуде жүрген ер адамның мекенжайы анықталды. Қазіргі уақытта күдікті Талдықорған қаласына жеткізіліп, қамауға алынды", – деп хабарлады қалалық полиция.
Тергеу ҚР ҚК 120-бабы (Зорлау) және 121-бабы бойынша жүріп жатыр.
Тергеу барысында ұсталған күдіктінің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.