Талғат Мұсабаев саябақтағы оқиғаға қатысты пікір білдірді

0
529

Елордалық тұрғын «ғарышкер қол көтерді» деп айыптаған еді.


Талғат Мұсабаев саябақтағы оқиғаға қатысты пікір білдірді

ERNUR.KZ. Сенат депутаты Талғат Мұсабаев Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны – саябақта серуендеп жүрген Алина Нұртасқа қатысты ақпаратқа түсініктеме берді, деп жазады Azattyq Rýhy.

«24 маусымда Триатлон-паркте болған оқиғаға байланысты мынаны атап өту маңызды деп санаймын. Саябақта досыммен серуендеу кезінде итпен бірге келе жатқан қыз жүгіру жолымен қарсы келе жатыр екен. Мен оған «неге иттің тұмылдырығы жоқ» деп ескерту жасадым. Өйткені бұл басқа адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін деп ойладым. Бұған біз жауап ретінде жағымсыз және дөрекі сөздерді естідік. Дөрекі сөз туралы қыз өзінің әлеуметтік желілердегі парақшасында жазды», - деді Талғат Мұсабаев.

Сенатордың айтуынша, қыз полиция шақырғаннан кейін ол тәртіп сақшыларының келуін күтіп, қажет болған жағдайда заң бойынша жауап беруге және өз сөзінің дұрыстығын қорғауға дайын болған.

«Полиция келгеннен кейін, яғни, ІІМ-нің екі қызметкеріне түсініктеме бердік. Оның ішінде өтініш беруші де түсініктеме берді. Менің тарапыма сол жерде заңсыз әрекеттер туралы, әсіресе қандай да бір дене жарақатын жасау туралы айыптаулар болған жоқ. Оның үстіне, қыз бізге қолын созып, кешірім сұрады. Мен оның ұрып-соғу туралы айыптауларын негізсіз деп санаймын», - деп қосты сенатор.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алина Нұртас Халық қаһарманының қол көтергенін айтып, Instagram желісінде жазба қалдырды.

«Саябақ. Қысқа қарғыбаумен байланған итіммен бірге серуендеп жүргенмін. Иттің тұмылдырығын да ала шықтым (заң бойынша хаски итіне тұмылдырық кигізіп жүру шарт емес). Қажетті қалталар да бар (иттен қалған қоқысты салатын). Осылай серуендеп келе жатсам, белгісіз бір адамның маған айқайлағанын естідім. Әрі қарай жүре бердім, бірақ ол белгісіз адам жақындап келіп, тағы айқайлады. «Иди в зад» дедім (әрине, «Алина, өзің айыптысың!» дерсіз. Бірақ мен айыпты емеспін. Негізсіз агрессия көрсетілген сәтте менен шыққан реакция осы болды). Әрі қарай жүре бердім. Ол адам бұрылып, менің иығымнан бір ұрды (жұдырығымен). Қолым ұйып барады. Полиция шақырдым. Әрине, бір нәрсені дәлелдеу мүмкін емес (оны маған түсінікті етті). Себебі, ол – Талғат Мұсабаев», - деп жазды Алина Нұртас.