Полиция ескерткішті қиратқандарға қатысты қылмыстық іс қозғады.
фото: Жамбыл облыстық полиция департаменті
ERNUR.KZ. Таразда ашылғанына бір ай болған тарихи ескерткішті біреулер қиратып кетті, деп жазады sputnik.kz.
Бұл ескерткіштер күрделі жөндеуден кейін қайта ашылған. Мемориал эвакуациялық госпитальда ауыр жарақаттан көз жұмған 72 белгісіз сарбаздың рухына тағзым ретінде тұрғызылған болатын және 15 қазанда ғана көпшілікке қайта ұсынылған. Жұмыс Ресей тарапының қаржыландыруымен, Жамбыл облысы мен Тараз қаласы әкімдіктерінің қолдауымен жүргізілді.
Вандализм актісіне орай Ресейдің Алматы қаласындағы Бас консулдығы сыртқы істер министрлігіне дипломатикалық нота жолдады.
"Қазақстан Республикасы СІМ-нің Алматы қаласындағы өкілдігі Тараз қалалық зиратында Қызыл Армияның 72 белгісіз жауынгері жерленген жердегі мемориалдық стеланың бұзылуына байланысты Ресей Федерациясының Алматыдағы Бас консулдығының нотасын алғанын растайды", - дейді министрлік.
Өтініш Қазақстан заңнамасына сәйкес тексеру жүргізу және шаралар қабылдау үшін Құқық қорғау органдарына жіберілген.
Жамбыл облыстық полиция департаменті ескерткішті қиратқандарға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта құқық бұзушыларды анықтап, ұстауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", - дейді полиция.
Полиция құқық бұзушылар заң талаптарына сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылатынын ескертті.


