Мемлекет басшысы бюджет саясатын реттеуді ұзақмерзімді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолдарының бірі деп атады.
Фото: pixabay
ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бюджет қаражатын жоспарлау мен басқару сапасын арттырып, мемлекеттік қазына жүйесін толық цифрландыру қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы бюджет саясатын реттеуді ұзақмерзімді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолдарының бірі деп атады. Оның айтуынша, былтыр қабылданған Бюджет кодексі мемлекет қаражатын тиімді басқаруға және қаржылық тәртіпті күшейтуге мүмкіндік берді.
"Дегенмен шығындардың жыл санап көбейіп бара жатқанын ескерген жөн. Сол себепті, қазына қаржысын жоспарлау және басқару сапасын одан әрі арттыру қажет", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев орынсыз әрі тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект технологиясының мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды.
"Сондай-ақ мемлекеттік қазына жүйесін толыққанды цифрландыру жұмысын аяқтау керек. Бюджет қаражатын басқарудың ортақ әдіс-тәсілдерге негізделген, автоматтандырылған жүйесін құру қажет", – деді мемлекет басшысы.
Президент осы мәселелер бойынша Үкімет пен Ұлттық банктен нақты ұсыныстар күтетінін жеткізді.


