Жалпы рақымшылыққа 15 мың адам ілігеді.
ERNUR.KZ. Сенат Конституцияның 30 жылдығына орайластырылған рақымшылық туралы заңды қабылдады, деп жазады sputnik.kz.
"Бұл қадам халықаралық тәжірибеге толығымен сәйкес келеді: мерейтойлар мен айтулы оқиғаларға байланысты көптеген елде осындай шешімдер қабылданған", - дейді сенаттағылар.
Бұл ретте сотталғандардың белгілі бір санатына ғана рақымшылық қолдану ұсынылады:
онша ауыр емес қылмыстық әрекеттер немесе қылмыс жасағандар;
зиян келтірмей немесе оның орнын толық өтей отырып, ауырлығы орташа қылмыс жасағандар;
әлеуметтік осал адамдар.
Сенатта хабарлағандай, рақымшылық сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар және тағы басқалар үшін сотталғандарға қолданылмайды.
Рақымшылықпен барлығы 15 мың адам қамтылады. Олар:
түрмеде отырған 6 мың адам;
пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам.
4,1 мың адам бостандыққа шыға алады. Соның ішінде түрмеге қамалған - 632 адам, пробация қызметінің есебінде тұрған - 3,5 мың адам. Ал қалған 11 мың адамның жазасы қайта қаралып, мерзімі қысқартылады.