Төтенше жағдайдан кейін кәсіп бастайтындарға төмен пайызбен несие беріледі

0
1 004

Жаңа кәсіп бастаймын деушілер «Еңбек» бағдарламасы арқылы өз ісін бастай алады. Ол арқылы кәсіпкерлерге 6 пайыздық мөлшерлемемен несие алуына мүмкіндік бар.


Төтенше жағдайдан кейін кәсіп бастайтындарға төмен пайызбен несие беріледі

ERNUR.KZ. Жаңадан кәсіп бастаушыларға жеңілдетілген несие елдегі Төтенше жағдай режимінен кейін де беріледі. Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мемлекеттік органдар мен өзара әрекет ету департаментінің директоры Гүлсая Зайнелғабдина айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бізде жаңа кәсіп бастаушыларға арналған бағдарламалар бұрыннан бар. Олар Төтенше жағдай аясында да жалғасын таба береді. Жаңа кәсіп бастаймын деушілер «Еңбек» бағдарламасы арқылы өз ісін бастай алады. Ол арқылы кәсіпкерлерге 6 пайыздық мөлшерлемемен несие алуына мүмкіндік бар. Бұл ретте қарыз мөлшері – 6000 АЕК-тен 8 000 АЕК-ке дейін болуы мүмкін. Қарыз мерзімі – 5 жыл. Одан бөлек «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы да барын білесіздер. Оның аясында да жаңадан кәсіп бастауға ниетті азаматтарды қолдаймыз. Оларға субсидиялау, кепілдендіру құралдарын ұсынамыз. Бұл ретте жаңадан кәсіп бастаған кәсіпкерлер жұмысын ауылдарда немесе моноқалаларда бастаса – 750 млн теңгеге дейін қарыз ала алады. Одан бөлек оларда айналым қаражат ретінде 360 млн теңгеге дейін несие алуына мүмкіндік бар», - деді Гүлсая Зайнелғабдина ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

«Даму» қорының өкілі кәсіпкерлерге кепілдік құралы ұсынылатынын да жеткізді. Яғни жаңадан кәсібін бастаған азаматтар үшін кепілдік мөлшері қарыз сомасы 180 млн теңгеден аспаған жағдайда 85 пайыздық деңгейде болатынын жеткізді.

«Ал кәсіпкер қалада жобасын жүзеге асырып жатса, кепілдік мөлшері 7 млрд теңгеге дейін ұлғайып отыр. Ставка – түпкі қарыз алушы үшін 6 пайыз. Қазір де «Даму» қорына өтінім жолдай аласыздар. Өтінімдер Төтенше жағдай кезінде де, кейін де қаралады», - деді ол.

Айта кетсек, бұған дейін ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметов «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бизнес иелеріне мемлекет қандай қолдау шараларын көрсететінін айтып берген еді.